
Либреттосы Ж. Барбье мен М. Карренікі
И. В. Гётенің «Фауст» трагедиясы негізге алынды
Қатысушылар:
Фауст
Маргарита
Мефистофель
Валентин, Маргаританың ағасы
Валентиннің достары:
Зибель
Вагнер
Марта, Маргаританың көршісі
Студенттер, әскерлер, қала тұрғындары, қыздар, әйелдер және басқалары
Оқиға ортағасыр дәуірінде Германияда өрбиді.
Түн. Қарт ғалым және философ доктор Фаусттың кабинеті. Фауст терең ойға шомып отыр. Оны өз білімінің күшіне сенбеуі, өмір құпиясын ұғыну мүмкіндігінің жоқтығы мазалайды. Ол у ішіп, өзін өзі өлтіруді ойлайды. Оған атып келе жатқан таңға қуанған қалалық тұрғындардың әні естіледі. Фаусттың өмірге деген құлшынысы оянады. Ол ғылымды, Құдайды қарғап, әлсіздерден оның жастық шағын, махаббаты мен үмітін қайтаруды сұрап, торығып жын-періні шақырады. Мефистофель келеді, ол Фауст оған өзінің жанын берсе, жастық шағын қайтаратындығын айтып үміттендіреді. Фауст абыржулы. Мефистофель оны әдемі қыз Маргаританың елесімен азғырады. Қыздың сұлулығына таңданған Фауст оны жас жігітке айналдыратын жын перімен келісімге отырады.
Қала алаңында мерекелік күн. Өз достарын сапарға шығарып салып жатқан студенттердің арасында Вагнер мен Зибель де бар. Сапарға жүретін Валентин өзінің қарындасы Маргаритамен келеді. Оның досы Зибель Валентин жоқ кезде Маргаритаға бас-көз болатындығына уәде береді. Мефистофель келеді. Ол алтынның құдыретін мадақтайтын өлең айтып, Валентинге оның өлімін болжап, ызасына келіп, Маргарита үшін тост көтеруді ұсынады. Ашуланған Валентин қарындасының арын сақтау үшін семсерін қынаптан суырып алып, Мефистофельге қарсы шығады, бірақ қолындағы болат сынып қалады. Ырымға сенгіш студенттерді қорқыныш билейді. Олар Мефистофельді крестпен корқытады, бірақ оны жеңуге дәрменсіз болғандықтан шегініп, тарқайды. Алаң бос қалады. Фауст келеді. Ол Мефистофельге керемет елесті есіне түсіріп, Маргаритамен кездестіруін талап етеді. Вальс әуені Маргаританы алаңға тартады. Зибель оны қуана қарсы алады. Бірақ Мефистофель жас жігіттің назарын аударып, шетке алып кетеді. Маргаританың сұлулығына қайран қалған Фауст қызды шығарып салуды ұсынады. Маргарита Фаусттың ұсынысын қабыл алмайды. Мефистофель қапалы Фаустқа көмектесуге сөз береді.
Маргаританың үйінің алдындағы бақ. Оған ғашық Зибель бір құшақ гүлмен келеді. Ол гүлдерден Маргаритаға оның сезімін жеткізуді сұрайды. Баққа байқатпай кірген Мефистофель мен Фауст Зибельдің сөзін естіп қояды. Мефистофель ғашық студентті келеке етеді, Зибельдің қарапайым гүлшоғының орнына қымбат сыйлық табуды ұсынады. Фауст оңашада Маргарита туралы армандайды. Мефистофель қымбат заттар салынған қобдишаны алып, қайта келеді. Маргарита әшекейлерді тағып көруге асығады. Оның көршісі Марта оған қымбат бұйымдар - бай ақсүйектің сыйлығы екендігін айтып ескертеді. Келе жатқан Мефистофель түн мен гүлдерді Маргаританың жүрегіндегі Фаустқа деген сезімін оятсын деп дуалайды. Маргарита ынтық махаббат сезіміне беріледі.
Шіркеу. Фауст тастап кеткен Маргарита қамыға сыйынып отыр. Қыз өзінің абыройын төгіп, ол жын-перінің қолына түскендігін Мефистофельдің дауысы есіне салады. Маргарита ес-түссіз құлайды.
Сапардан әскерлер оралады. Валентинді қарсы алуға тек жалғыз Зибель ғана келеді. Валентин өзі болмаған кездегі болған жайтты білу үшін қарындасына асығады. Мефистофель серенада айтып, Маргаританы Фаустқа кездесуге шығуға шақырады. Маргарита ағасына болғанды ашып айтады. Қатты ызаланған Валентин үйден атып шығып, көз алдынан қарындасының көңілдесін көреді. Қысқа жекпе-жек, семсермен жаралған Валентин құлайды. Өлер алдында ол қарындасын қарғайды. Маргарита жан азабына шыдамай, ақылынан алжасады.
Өз баласын өлтірген Маргарита қамауда отыр. Оны алда күтіп тұрған өлім жазасынан құтқаруға Мефистофель мен Фауст келеді. Фаусттың дауысы оған бірінші кездесулерін есіне түсіріп, Маргарита есін жинайды. Мефистофель оларды қашуға асықтырады. Бірақ қыз Фаусттан үрейі қаша жалтарады – оның ақыл-ойы кетіп, өліп құлайды. Мефистофель мен Фауст көзден таса болады.
Вальпургиев түні. Перінің ойнағына жезтырнақтар жиналатын қараңғы тау шатқалы. Мефистофельдің ишаратымен айналасындағылардың бәрінің түрлері өзгереді. Мефистофель сауық-сайранмен әдемі әйелдер мен фавндар арасындағы Фаустың ұятын арылтуға тырысады. Бірақ Фауст өлім жазасына кесілген Маргаританың елесін көреді де, өзінің жарқын арманына қарай алға бет алады. Мефистофель оны тоқтатуға дәрменсіз.