Жаңартылған қойылым «Жизель» балеті көрермендерге жол тартты

22.05.2023

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының «Жизель» балетінің жаңа қойылымын таныстырды.

«Жизель» балеті Абай атындағы ҚазҰОБТ сахнасында алғаш рет, 1943 жылы 27 шілдеде КСРО халық әртісі Галина Уланованың қойылымында көрсетілген еді. Жизельдің партиясын да өзі сомдаған болатын. Кейінірек, 1978 жылы Қазақстанның балет мектебінің негізін қалаушы Александр Владимирович Селезнев, ҚазКСР Халық әртісі және кеңесші — балетмейстер, КСРО Халық әртісі Наталья Михайловна Дудинская, суретші ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Анатолий Иванович Ненашев 45 жыл бойы театрымыздың сахнасында болған балеттің екінші редакциясын жүзеге асырды.

2023 жылдың 20 және 21 мамырында өткен балет премьерасында аты аңызға айналған тұлғалар РСФСР еңбек сіңірген әртісі Юрий Васюченко, Ресейдің Халық суретшісі Вячеслав Окуневтың қойылымында ұсынылды.

Адольф Аданның «Жизель» балеті — ең көп орындалатын балеттердің бірі, романтизм дәуіріндегі балет шығармашылығының шыңы. Екі ғасырға жуық театрлардың репертуарын безендіретін әлемдік хореографияның інжу-маржаны.

«Жизель» балетінің сахналануына Генрих Гейне қағазға түсірген көне вилисалар туралы аңыз-әңгіме арқау болды.

Ертеде үйлену тойға дейін өмірден өткен қалыңдықтарды «Вилистер» деп атаған. Аңызға сүйенер болсақ, түнгі уақытта өмірден өткен қалыңдықтар қабірлерінен тұрып, билейді екен. Қабір маңынан өтіп бара жатқан жолаушы әдемі көрініске куә болып, вилистардың биіне қосылып кетеді. Ол әлсіреп, талып қалғанша билейді, ал вилистер оны қоршап алады.

Оқиға Тюринги деп аталатын шағын елді-мекенде өтеді. Қарапайым шаруа отбасынан шыққан Жизель есімді ару Альберт деген жігітке ғашық болады. Алайда, Альберт ақсүйек отбасынан шыққан, қалыңдығы бар жігіт. Мұны білген Жизель есінен адасып, қайтыс болады.

Балет премьерасы 1841 жылы 28 маусымда атақты театрлардың бірі Париж қаласындағы Grand Opera сахнасында өткен. «Жизель» балеті бірден көрермендердің жүрегіне жол тауып, тұсаукесерден кейін бір айдың ішінде жеті рет көрсетіліп, жылдың соңына дейін 26 рет қойылған боалтын.

Аңыз желісімен сахналанған «Жизель» балеті әлі күнге дейін көрермендердің ыстық ықыласына бөленуде.

 

NazarMedia