С. Мұхамеджанов ЖҰМБАҚ ҚЫЗ

25/04 - 19:00

* Құрметті көрермен!

Үшінші қоңыраудан кейін, көрермендер залына кіруге тыйым салынады.

Кешігіп қалған жағдайда, үзіліс уақытында орындарыңызға өте аласыздар!

 

КСРО Халық әртісі Сыдық Мұхамеджановтың 100 - жылдығына және Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына 

С. Мұхамеджанов

ЖҰМБАҚ ҚЫЗ

2-актілі опера

Сыдық Мұхамеджановтың және Софы Сматаев либреттосы

С.Сейфуллинның «Көкшетау» поэмасы бойынша

 

Қойылымдық топ:

Қоюшы дирижер - НҰРЖАН БАЙБУСИНОВ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Қоюшы режиссер – АСХАТ МАЕМИРОВ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Қоюшы сүретшісі – ЕСЕНГЕЛДЫ ТҰЯҚОВ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Костюм сүретшісі – ЕРЛАН ТУЯКОВ

Бейнебаяны – ЕРБОЛ БИСЕНОВ

Қоюшы хореографтер – АЛИМА МОЛДАХМЕТОВА, РУСЛАН КАДЫРОВ

Бас хормейстер – ӘЛИЯ ТЕМІРБЕКОВА

Сахна сайысын қоюшы – КАНАТ КУДЬЯРОВ

Режиссердің ассистентері – ДИАНА АКИМБАЕВА, ЕРНАЗАР Жаңатілек

 

І ПЕРДЕ

 

Бірінші көрініс

Ұшы-қиырына көз жетпейтін қазақтың ұланғайыр даласы. Ұлы даланың әр тауы мен тасы, өзені мен көлінің тарихының тамыры тереңде жатыр. Бабаларымыз табиғаты тылсым сырға толы Бурабайдың әрбір қия тасына аңыздар негізінде және бейне ерекшелігіне қарай «Оқжетпес», «Жұмбақтас» деп ат қойған.

Отан-Ананың шаттығы мен салтанатын арқау еткен әуезді әуен – Жұмбақтас тарихын сыр қылып шертеді. «Жұмбақтасты» бір қырынан қарасаң – бұрымды жас аруға балайсың, екінші қырынан қарасаң – орамал тартқан келіншекке ұқсатасың, үшінші қырынан қарасаң – бетіне әжім түскен кейуанаға балап таң қаласың.

Айнадай жарқыраған Бурабай көлінің тереңінен арулар бейнесі елес береді. Аппақ әлемде періштелердей қалқып ұшқан арулар рухы өткен замандарға шақырады. Бурабай бойын аралап жүрген Сәкен ақын Жұмбақтас пен Оқжетпестің сұлулығына тамсанады. Арулардың рухын, өткен заманның тынысын бар болмысымен сезінген ақын қағаз бетіне өлең жолдарын түсіреді. Айналасында жүрген жас саяхатшыларға Жұмбақтас тарихын жыр тілімен баяндайды. Ақын жырына ынтыққан жастар, тарихтың тереңіне бойлайды. Көне эпостық дастанның парақтары ашылады.

 

Көкшетау маңында дүбірлі той – жастар сауығы өтіп жатыр. Жастар өзге өңірден келген сұлу Нәзікті зор қошеметпен қарсы алады!

Алқызыл гүлге бөленген дала төсін әдемі киінген жас бойжеткендер мен бозбалалардың әсемі әндері тербетеді. Жас арулар Нәзіктің қолындағы күміс әшекейлі білезіктері мен алқаларына, шашбаулары мен сырғаларына тамсана қарайды. Нәзіктің сұлулығына ынтық болған жігіттердің бірі Адақ батыр, ару қыздың болмыс-бітіміне, әдемілігі мен нәзіктігіне сүйсінеді. Бурабайдың орман-тоғайын, шатқал құздарын, айдын көлдерін жастардың асқақ әні тербетеді.

Бір кезде, қуаныш пен шаттық толы думанды сәтті, Адақтың досы Серіктің кенеттен айқай салған «Жау шапты» деген дауысы бұзады. Қамсыз отырған ауылға жоңғарлар тұтқиылдан шабуыл жасайды. Адақ Серікке жорыққа кеткен Абылай ханның сарбаздарын көмекке шақыруын өтініп, хабаршы ретінде жібереді.

Мереке тойлап жатқан батырлардың қолдарында қарулары жоқ болатын. Жоңғарлар ауыл-елді шауып, аяусыз жаныштайды. Үйлерге от қояды. Әйелдер мен жас балалар жан-жаққа бас сауғалап қаша бастайды. Інісінің қылышын алған Адақ батыр шайқасқа шығады. Кенет інісі ауыр жараланып, жерге құлап, жан тәсілім етеді. Адақ інісінің есін жиғызбақ болып бауырына қысып отырғанда, жоңғар сарбаздарының қолына түседі. Жоңғардың қалың қолы, ауыл адамдарын тұтқынға алады. Аспанды қара бұлт торлаған. Адақ батыр ат арба үстінде ес-түссіз жатыр. Тұтқынға түскен ауылдың азалы көші келеді. Адақ бастаған батыр жігіттер мен үлкен қарияларды жоңғарлар бекінісіндегі зынданға тастайды. Әйелдер де қамауға алынады. Сол әйелдердің арасынан ерекше әдемі Нәзікке Манаптың көзі түседі. Күзетшілер тұтқындарды қадағалап тұр. Биіктеу жерде қонтайшы Манап батырдың әдемі шатыры құрылған.

Түнерген аспан астында тұтқындар зары естіледі. Адақтың анасы – Дәру-Ана қапияда қаза тапқан ұлы мен туған жерін жоқтап зарлана үн қатады. Тұтқындардың арасынан өзін босатып алатын адам іздеген Нәзік ару да жүр. Зар жылаған Дәру-Ананың жанына келеді. Ботасын іздеген аруанадай боздаған Дәру-Ананы Нәзік ару жұбатады. Дәру-Ана Нәзікке тұтқандардың арасында ұлы бар екенін, ес-түссіз жатқан ұлына нан мен су жеткізуін өтінеді. Нәзік күзетшілерге байқатпай, ерлер жатқан зынданның терезесіне жақындап Адақты сұрайды. Әл-дәрмені таусылған Адаққа су мен нан береді. Адақ пен Нәзіктің жанарында махаббат жалыны сезіледі. Қалың жаудың ортасында жүріп, Адақтың өмірін сақтап қалуға келген Нәзіктің әрекеті, жас батырды бірден тәнті етеді. Орталарын темір тор бөлгеніне қарамастан, бір-біріне үздіге қараған шынайы сезімге толы ғажайып сәт. Нәзіктің Адақпен сырласқан сәтін байқап қалған күзетші, қуып жібереді.

Бекіністің бір шетінде жеңіс тойын тойлап жүрген жоңғар сарбаздары көрінеді. Шарап ішіп, масайраған жоңғар жігіттері алаңқайдан өтіп бара жатқан Нәзікті құшақтап, аймаламақ болып аш бөрідей тап береді. Нәзіктің көмек сұраған жан дауысы шығады. Зынданда жатқан Адақ көмектесе алмайтынына налып, ашынады. Шатырдың ішінен шыққан қонтайшы Манап батыр, өз сарбаздарына «Босатыңдар!» деп бұйырады. Қонтайшыдан қорыққан сарбаздар қашып кетеді. Қонтайшы өз көмекшісіне «Нәзікке той көйлегін кигізіңдер, Мен бұл аруды өзіме жар етем» деп, тапсырма береді.

Нәзікке ынтық болған жоңғар батыры Манап оңашада ғашықтық әнін айтады. Өзіне жар етіп алатын тілегін жеткізеді.

Қонтайшының екі уәзірі Нәзікке жоңғар қалыңдығының киімін кигізіп, шатырға алып келеді. Нәзік жау қолынан қашып құтылудың қиын екенін ұғады. Сондықтан Адақ бастаған батырлар мен ауыл адамдарының өмірін сақтап қалу жолында айла-амалға көшіп, Манаптың тілегіне келіскен сыңай танытып үн қосады және келісім белгісі ретінде орамалын сыйлайды. Нәзіктің орамалын алып, жауабын естіген Жоңғар қонтайшысы Манап батыр - қыз сезіміне шүбәсіз сенеді. Бірақ, жоңғарлардың қатал заңы Нәзіктің жүрегіне, аяулы арманына үстемдік ете алмайды. Нәзіктің жүрек төрінен шыққан ғашықтық сезімінен туған әуезді әннің барлығы да Адаққа арналған еді.

Кенеттен алыстан «Абылайлап» ұрандаған қазақ сарбаздарының асқақ дауысы естіледі. Шарап ішіп масайраған, көңіл көтерген жоңғар сарбаздарына Абылай хан әскерлері тұтқиылдан тап береді. Манап батыр Нәзікке тезірек жасырынып, өзінің қайтып оралғанша күтуін сұрайды. Сыйланған орамалды Нәзікке қайтарып, қайтадан оралатынын айтып, шатырдан жедел шығады.

Тұтқындарды босатқан Серік бастаған жас батырлар Адаққа қылышын береді. Кескілескен қақтығыс басталады. Адақ пен Манап жекпе-жекке шығады. Қонтайшыны қорғап қалмақ болып, жандайшаптары Адаққа жабылады. Сол сәтті пайдаланып Манап қашып құтылады. Жарқылдаған алдаспан мен қылыштың дауысынан құлақ тұнады. Абылай ханның қалың қолы жоңғар бекінісін жермен жексен етеді. Жауды жеңген Абылай хан мен қазақ сарбаздарының салтанатты жеңіс шеруі. Абылай хан ел алдына шығып, басынан қилы-қилы кезеңдерді, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» сынды зұлмат шақтарды өткерген халқына басу айтып, батырларды елдік пен бірлікке үндейді. Хан тағына отырған Абылайға ел басын иіп, ізет көрсетеді.

 

 

 

Екінші көрініс

Абылай хан тағында ой үстінде отыр. Би-шешендер мен көсемдер бастап, жиналған қалың ел. Ортада тағдыры қылкөпірге тірелген Нәзік ару арбаның үстінде. Қонтайшы Манап батырдың шатырында жоңғар қалыңдығының киімімен қолға түскен Нәзік аруға қазақ батырларының да көзі түскен. Жаугершілік заманның басты талабының бірі, тұтқынға түскен аруды би-шешендердің шешімімен батырға жар етіп, некесін қияды. Сол жолмен Мергенбай мен Дулыға бастаған батырлар, жас аруды жар етуге таласады.

Нәзік ару жоңғарларға тұтқын болып түскенін, қазіргі таңда өзінде таңдау жасау еркі қалмағанын айтады. Абылай хан жас арудың жан айқайын естіп, қандай шарт қоятынын сұрайды. Нәзік ару хан алдына қаймықпай екі шарт қояды. Алғашқы шарты, қолындағы орамалын Оқжетпестің басындағы ағашқа байлайды. Сол орамалға садағынан атқан жебесін дәл тигізген батырға жар болуға келісім беретінін айтады.

Қайраты мен жігері бір-бірінен асқан батырлар, Оқжетпестің шыңына жебесін бағыттағанымен, ешбірі де орамалға көздеп тигізе алмайды.

Нәзіктің бағына орай Абылай хан сарбаздарының бірде-бірі Оқжетпестей шыңның басына тігілген орамалға атқан жебелерін жеткізе алмайды. Таудың басына ешкімнің оғы жетпеген соң, Абылай хан Нәзік арудан екінші шартын айтуды сұрайды. Нәзік ару жұмбаққа толы хикаятты баяндайды. Аңызға негізделген жұмбақтың жауабын тапқан жанға күйеуге шығуға дайын екендігін жеткізеді. Нәзік шер мен өкінішке толы аңыз арқылы өз басынан кешкен жайларды жұмбақ түрінде баяндайды.

Нәзіктің басынан өткен оқиғаға қатысы бар адамдарды әртүрлі құстар бейнелері арқылы суреттеледі. Нәзік өзін кептер етіп көрсетсе, қиянатшыл Манапты қарақұс, жапалақ күйінде, лашын – елдің қамқор адамдары, сұңқар - өзінің сүйген жігіті Адақтың, ал жыртқыш бүркіт қыз тағдырын таразыға салған – Абылай хан бейнесінде жұмбақталады. Қыз жұмбағын, оның қай құстың ерлігі артық деген сұрағын хан жасағы тағы да шеше алмай дал болады. Абылай хан қыз жұмбағын шешуді екінші күнге қалдыруға пәрмен береді. Халық тарқап жатқан кезде, алаңда қалған Серік жан досы Адаққа жебені көздеп атып, қыз жұмбағын шешуге бақ сынауын сұрайды. Адақтың Нәзік аруды жар етіп алуға мүмкіндігі мен қарым-қабілеті жететіндігін айтады. Бурабай көлінің жағасында айлы түнде жалғыз қалған Адақ батыр жұлдызды аспанға сырын айтады, Нәзік аруға деген ғашықтық сезімін жолдайды. Адақ батырдың жүрекжарды тілегіне, махаббатына әніне айдынды көлде жүзген аққулар, пәк сезімнің періштелері сынды үн қосады.

 

 

ІІ ПЕРДЕ

 

Үшінші көрініс

 

Бурабай көлінің жағасындағы алаңға жиналған халық. Нәзіктің тағдырын таразыға салған екінші күн. Садақтарын қолға алғанымен, атқан оқтары нысанаға жетпеген батырлардың жұмбақты шешуге де жүректері дауаламайды. Хан қаһарына мініп, жұмбақтың жауабын айта алар би-шешендердің, орамалға атқан оғын дөп тигізетін батырлардың табылмағанына налиды.

Кенет хан алдына қолын көтеріп жас батыр Адақ шығады. Адақ Абылай ханға жұмбақты шешкен жағдайда, Нәзік аруға кешірім беруін сұрайды. Оқжетпестің ұшар басындағы ағашқа байланған қыз орамалына, садағынан атқан жебесін дәл тигізеді. Ел батырдың мергендігіне риза болады. Адақ батыр екінші шарттан да сүрінбей өтіп, қыздың астарлы жұмбағын шешеді.

Батырлықпен бірге даналық пен тапқырлықты ту еткен Адаққа Абылай хан дән риза болып, екі жасқа батасын береді. Халық та Абылай ханның шешіміне дән риза болады.

Бір-бірінен сүйінші сұраған халық. Дала мерекесі. Бурабай көлінің жағасында Адақ пен Нәзіктің бас қосқан ұлан-асыр тойы басталады. Жиналған жұрт мәре-сәре көңілді күйде той тойлап жатыр. Ақ сәукеле мен ақ желек жамылған Нәзік және үкілі бөрік киген Адақ қалыңдық пен күйеу кейіпінде ортаға келеді. Келін түсіру рәсімі. Жар-жар. Беташар. Шашу. Неке қию рәсімі. Қыз-жігіттердің салтанатты мерекелік биі.

 

 

 

 

Төртінші көрініс

 

Той аяқталып, көпшілік тарқасады. Бурабайдың жағасында екеуден екеу оңаша қалған Адақ пен Нәзік бір-біріне деген іңкәр сезімді сыр қылып шертеді.Түнгі ай. Жарқыраған жұлдыздар. Күміс қоңыраулардың сыңғыры. Аспан мен Жер екі жастың ақ некесіне тәнті болып, мейірімін төгеді. Екі ғашықтың шынайы үндері бір арнаға тоғысып, сезімдері махаббаттың алтын бесігінде тербеледі

Ақ боз атқа мінген Адақ батыр ғашықтық сезімге толы жүрек сөзін Нәзікке арнайды. Екі жастың тойын сыртынан жасырынып келіп, ағаш басында ешкімге көрінбей бақылап қарап тұрған жоңғар қонтайшысы Манап батыр ішкі ызасы мен кегінен, қызыл оттай жанған қызғанышынан қолына садағын алады. Оқыста садақтан атылған жебе Адақтың жон арқасынан дәл тиеді. Адақ жерге құлайды. Нәзіктің айқай салған жан дауысы шығады. Манап өз дегеніне жеткен сәтте, қос ғашықты мәңгілікке айырған қарақшыны Серік, Мергенбай, Дулыға бастаған батырлар қолға түсіреді.

Ажал аузында жатқан Адақ өз өмірінің соңғы сәттері туғанын анық сезеді. Бірақ ол Нәзікке деген аяулы махаббатының өлмейтіндігіне кәміл сенеді.

Өлім үстінде жатқан Адақ пен Нәзік бір-бірімен мәңгілікке қоштасады. Қапияда мерт болған жас батыр. Қара жамылған ана, азалы халық. Ұлын өлімге қимаған Дәру-Ана ел жүрегін сыздатар, жан сырқыратар жоқтауын айтады. Өміріндегі ең асылын, аяулы жарын қапияда жоғалтқан Нәзік ару басындағы сәукелені шешеді. Адақсыз өмірдің мәні жоқ еді. Ұясына батып бара жатқан күннің соңғы сәулесімен бірге тауға көтеріліп, жұмбақ тасқа айналып ғайып болады.

Еңсесі түскен халыққа, қайғы жамылған Дәру-Анаға Абылай хан басу айтады. Махаббатына адалдық танытқан, тазалық пен пәктікті ту еткен Жұмбақ қыз – Нәзік ару ғайып болған бұл тасты, «Жұмбақтас» деп атауға шақырады. Жұмбақтастың ұшар басында Адақ пен Нәзіктің асқақ рухындай періште сынды екі аққу самғап жүр. «Жұмбақтастың сырлы шежіресі бабадан балаға, ғасырдан ғасырға мирас болып, туған өлкенің қадір-қасиеті мен рухын, махаббаттың киесін асқақтатсын», - деп, Абылай хан жас ұрпаққа аманатын жолдайды.

Жұмбақтастың ұлылығын жыр еткен Сәкен ақын Бурабай бойын аралап жүрген жастарға өзі жазған дастанын ұзақ толғап аяқтаған сәт еді. Сәкен ақынмен бірге жастар да Жұмбақтас пен Оқжетпестің сұлулығына, ғажайып келбетіне тамсанып тұр. Жас ұрпақ та өткен заманның рухын, тынысын бар болмыстарымен сезінген еді. Жұмбақтас жанына келіп шаңырақ көтерген екі жас - қалыңдық пен күйеу тағзым етіп тұр. Сезімдері асқақ екі жас Жұмбақтас тарихына тәу етеді. Адақ батыр мен Нәзік арудың махаббатының асқақ дауысы әрбір атқан таңның шуақты сәулесімен жас жүректерге мәңгі құйыла бермек.

 

билетті сатып алу

Қатысушылар мен орындаушылар:

Сәкен - ақын............................ ТӨЛЕГЕН РАХЫМБАЕВ

Адақ, жас батыр......................НҰРҒАЛЫМ АМАНБАЙ

Нәзік, жас ару..........................ӘЙГЕРІМ ШӘРІПБЕК

Манап, жоңғар батыры...........АЙДОС ЖАБАҒИН

Абылай - хан............................ ТАЛҒАТ КҮЗЕМБАЕВ, Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Куандык - батыр...................... ЕВГЕНИЙ ШАГАРОВ

Мергенбай - батыр................... ДАРХАН ЖОЛДЫБАЕВ

Дулыға - батыр..........................БЕКЗАТ АБИТОВ Серік, Адақтың досы................ МАКСАТ САМАТОВ

Дәруана, Адақтың анасы......... ДИНА ХАМЗИНА, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының симфониялық оркестрі, хоры және балеті

 

Дирижер – ҚУАНЫШ ИСМАИЛОВ

* Театр әртістердің құрамына өзгертулер енгізу құқығын өзіне қалдырады*