13 ҚАҢТАР АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ОПЕРА ЖӘНЕ БАЛЕТ ТЕАТРЫ 90-ШЫ МЕРЕЙТОЙЫН АТАП ӨТЕДІ

12.01.2024

Биылғы жыл «Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрына» 90 жыл толып отыр.Бұл - тек театр үшін ғана емес, жалпы Қазақ елі мен қоғамы үшін, өнері мен мәдениеті үшін үлкен рухани мереке. Өйткені, мұндай театр ашу - өткен ғасырдағы мемлекет қайраткерлері, Алаш ардақтылары мен ел зиялыларының арманы еді. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының бүгіні - сол үлкен армандардың межесі болатын. Қазақ ұлттық опера және балет театры –жоғары кәсіби шығармашылық ұжымдар мен солистер, түрлі дәуірлердегі ұлттық және әлемдік опера және балет классиктерінің театр репертуарының алуан түрлілігін ұсынған Қазақстанның алғашқы опера және балет театры.

1934 жылдың 13 қаңтарында Қазақстанның ұлттық қазынасы мен мақтанышы, Қазақ опера және балет өнерінің алтын бесігі еліміздің және халқымыздың тарихының алтын шежіресіне мәңгілікке енген Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры алғаш рет өз көрермендеріне шымылдығын ашты. 90 жылдық тарихында театрда 300-ден астам шығарма қойылды. Бұлар қазақ опералары мен балеттерімен қатар, орыс, батыс Еуропа опера классиктерінің жауһарларынан тұратын репертуарлар.

13 қаңтарда театр ұлттық музыкалық өнердің інжу-маржаны Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсын тамашалауға шақырады.

Алғаш рет 1944 жылы қойылған «Абай»операсы - Қазақстанның опера өнерінің үздік жетістіктерінің бірі. Спектакль театрдың іргелі тарихына айналған сүбелі қойылымдардың бірі болып табылады. Операдағы басты партияларды Абай ат. ҚазҰОБТ солистері, Қазақстанның Халық әртісі Талғат Күзембаев, Венера Алпысбаева, Тахауи Рахметов, Александр Сметанин; ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Болат Бөкенов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина орындайды.

 

Источник: https://qazdauiri.kz/news/13-qantar-abai-atyndagy-qazaq-ulttyq-opera-zane-balet-teatry-90-sy-mereitoiyn-atap-otedi