Ғажайып ертегі әлемі және классикалық музыка шыңы: Абай театры қаңтардағы репертуарын ұсынды

09.01.2024
Сурет: Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының баспасөз қызметі
Биыл Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрына 90 жыл толып отыр. Бұл – жоғары кәсіби шығармашылық ұжымдар мен солистер, түрлі дәуірдегі ұлттық және әлемдік опера және балет классиктерінің театр репертуарының алуан түрлілігін ұсынған еліміздегі алғашқы опера және балет театры.

Театр ұжымы қаңтар айында классика өнерін сүйетін көрермен назарына әлемдік сахналардың ең ғажайып қойылымдарын, шоқтығы биік туындылар мен әсем әуезді симфониялық кештерді ұсынады. Алматылық театр ұжымы жаңа жылдың шымылдығын жаңа жылдық мерекелердің символына айналған

"Щелкунчик" қойылымымен ашты. Бұдан бөлек, "Мадам Баттерфляй", "Абай", "Евгений Онегин", "Травиата" операсы, "Юнона мен Авось", "Аққу көлі" балеті, "Франческа да Римини" атты симфониялық оркестрдің концерті берілмек.

4-28 қаңтар аралығында көрермен қауымның назарына Петр Чайковскийдің музыкасына, Василий Вайноненнің ержүрек қуыршақ пен зұлым тышқан королі туралы ғажайып "Щелкунчик" ертегісі ұсынылады.

 

Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында "Щелкунчик" балеті Василий Вайноненнің қойылымында көп жыл бойы қойылып, әрдайым көрермендерді тәнті етіп келеді. Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Түткібаева мен суретші Вячеслав Окуневтің жаңа балет

қойылымында сценографиялық сәнді костюмдер мен декорациялар, кәсіби орындау шеберліктері балеттің жаңаша мағынасын аша түседі.

 

11 қаңтарда таңғажайып Жапония мәдениетін көрсететін, опера өнерінің әсерлі туындысы "Мадам Баттерфляй" операсы көрсетіледі. Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында жаңа сценографиясы мен костюмдері, бірегей интерпретациясы үйлесім тапқан қойылымның жаңа нұсқасының тұсаукесері 2022 жылғы желтоқсан айында өтіп, театр репертуарында қайта жаңғырды. Кейіпкерлердің бейнесін тереңнен ашатын итальялық композитор Пуччинидың әсерлі сазды музыкасы қойылымның басты ерекшелігі болып келеді.

 

Операның сюжеті таңғажайыпқа толы елдердің бірі, мәдениеті мен дәстүрі арқылы ерекшеленетін Жапонияда өтеді. Жалпы таңғажайып Жапония мәдениетін көрсететін опералар көп емес. Сондықтан "Мадам Баттерфляй" қойылымын жаңарту барысында қандай да бір заман жаңашылдығына берілмей,Жапонияның "Кабуки" және "Но" дəстүрлі театрларының элементтерін қолдана келе, киім үлгісін жасауда ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, осы театрлардың тәжірибесінің ізімен ұсынылған қойылым.

"1934 жылғы 13 қаңтарда Қазақстанның ұлттық қазынасы мен мақтанышы, Қазақ опера және балет өнерінің алтын бесігі елімізбен ұлтымыздың тарихын алтын шежіресіне мәңгілікке енген Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театры алғаш рет өз көрермендеріне шымылдығын ашты. 90 жылдық тарихында театрда 300-ден астам шығарма қойылды. Бұлар қазақ опералары мен балеттерімен қатар, орыс, батыс Еуропа опера классиктерінің жауһарларынан тұратын репертуарлар. Театрдың 90-жылдығына орай, 13 қаңтарда театр ұлттық музыкалық өнердің інжу-маржаны Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің "Абай" операсын тамашалауға шақырады. Алғаш рет 1944 жылы қойылған "Абай" операсы - Қазақстанның опера өнерінің үздік жетістіктерінің бірі. Спектакль театрдың іргелі тарихына айналған сүбелі қойылымдардың бірі болып есептеледі. Операдағы басты партияларды солистер Есенгелді Рза (алғашқы орындауы), Венера Алпысбаева, Тахауи Рахметов, Александр Сметанин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Бөкенов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина орындайды". Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының баспасөз қызметі

Ал 18 қаңтарда әлемдік ең үздік опералардың бірі Петр Чайковскийдің "Евгений Онегин" операсы өтеді. Басты партияларды Umai-2023 ұлттық сыйлығының лауреаты, "Операдағы әйел партиясын үздік орындаушы" номинациясын иеленген, театр солисі Оксана Давыденко, Төлеген Рахымбаев (алғашқы орындауы), Нұржан Бажекенов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дина Дютмағамбетова, Надия Наденова сомдайды.

19 қаңтарда балет өнерінің озық үлгісі - А. Вознесенскийдің "Авось" поэмасы негізінде жазылған, Алексей Рыбниковтың - 2 актілі ритм-рок балеті "Юнона және Авось" балеті қойылады. Бұл - орыс саяхатшысы Николай Резанов пен Сан-Франциско губернаторының қызы Мария Кончитаның романтикалық махаббат хикаясына негізделген қойылым.

20 қаңтарда әйгілі (кіші) Александр Дюманың "Камелия ұстаған ханым" романының желісі бойынша қойылған, әйгілі итальяндық композитор Джузеппе Вердидің (1813 - 1901) "Травиата" екі бөлімді операсын ұсынады. Спектакль алғаш рет 1853 жылғы 6 наурызда Венецияның "Ла Фениче" театрының сахнасында көрсетілген.

"Травиата" операсы театр ашылған күннен бері қойылып келеді, қазіргі таңда 2016 жылы жаңартылған қойылымы көрермен назарына ұсынылып жүр. Басты партияларды танымал опера солистері, Верди операларының үздік орындаушылары Зарина Алтынбаева, Елена Никонова, Дәмир Сәдуақасов, Дулат Тоқанов, Аружан Төлепберген, Ислам Хамзаев, Қайрат Өмірбеков сомдайды.

Ал 25 қаңтарда Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театры көрермендерін 90-жылдығына орай Петр Чайковскийдің "ФРАНЧЕСКА да РИМИНИ" (симфониялық сюита), К.Сен-Санс "Самсон және Далила" операсынан ВАКХАНАЛИЯ, К. Орф "КАРМИНА БУРАНА" (кантата) симфониялық музыка кешіне шақырады.

Кеште театрдың опера солистері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Баспақова, Эмиль Сакавов, Болат Қанағатов өнер көрсетеді.

 

Источник: https://kaz.zakon.kz/madeniet-shou-biznes/6037401-azhayyp-erteg-lem-zhne-klassikaly-muzyka-shyy-abay-teatry-atarday-repertuaryn-syndy.html