Биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрына 90 жыл толды

10.01.2024

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрына 90 жыл толуына орай театр ұжымы қаңтар айында көрермен назарына әлемдік сахналардың ғажайып қойылымдары мен шоқтығы биік туындыларды, әсем әуезді симфониялық кештерді ұсынады, деп хабарлайды Kazinform.

Театрдың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, театр ұжымы жаңа жылдың шымылдығын жаңа жылдық мерекелердің символына айналған «Щелкунчик» қойылымымен ашты. Одан бөлек, «Мадам Баттерфляй», «Абай», «Евгений Онегин», «Травиата» операсы, «Юнона мен Авось», «Лебединое озеро» балеті, «Франческа да Римини» атты симфониялық оркестрдің концерті берілмек.

4 - 28 қаңтар аралығында көрермен назарына П.И.Чайковскийдің музыкасына, Василий Вайноненнің ержүрек қуыршақ пен зұлым тышқан королі туралы ғажайып «Щелкунчик» ертегісі ұсынылады.

11 қаңтарда таңғажайып Жапония мәдениетін көрсететін, опера өнерінің әсерлі туындысы «Мадам Баттерфляй» операсы көрсетіледі. Кейіпкерлердің бейнесін тереңнен ашатын итальяндық композитор Пуччинидың әсерлі сазды музыкасы қойылымның басты ерекшелігі болып табылады.

13 қаңтарда театр ұлттық музыкалық өнердің інжу-маржаны Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсын тамашалауға шақырады. Алғаш рет 1944 жылы қойылған «Абай» операсы - Қазақстанның опера өнерінің үздік жетістіктерінің бірі.

18 қаңтарда әлемдік ең үздік опералардың бірі Петр Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсы өтеді. Басты партияларды «Umai-2023» ұлттық сыйлығының лауреаты, «Операдағы әйел партиясын үздік орындаушы» номинациясын иеленген, театрымыздың солисі Оксана Давыденко, Төлеген Рахымбаев (алғашқы орындауы), Нұржан Бажекенов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дина Дютмағамбетова, Надия Наденова сомдайды.

19 қаңтарда балет өнерінің озық үлгісі А.Вознесенскийдің «Авось» поэмасы негізінде жазылған Алексей Рыбниковтың екі актілі ритм-рок балеті «Юнона және Авось» балетін ұсынады. Орыс саяхатшысы Николай Резанов пен Сан-Франциско губернаторының қызы Мария Кончитаның романтикалық махаббат хикаясына негізделген қойылым.

20 қаңтарда Александр Дюманың «Камелия ұстаған ханым» романының желісі бойынша қойылған, әйгілі итальяндық композитор Джузеппе Вердидің «Травиата» екі бөлімді операсын ұсынады.

25 қаңтарда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының 90-жылдығына орай П.Чайковскийдің «ФРАНЧЕСКА да РИМИНИ» (симфониялық сюита), К.Сен-Санс «Самсон және Далила» операсынан ВАКХАНАЛИЯ, К.Орф «КАРМИНА БУРАНА» (кантата) симфониялық музыка кешіне шақырады. Кеште театрдың опера солистері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жәмилә Баспақова, Эмиль Сакавов, Болат Қанағатов өнер көрсететін болады.

«1934 жылдың 13 қаңтарында қазақ опера және балет өнерінің алтын бесігі, есімі ұлт тарихының алтын шежіресіне жазылған Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры алғаш рет өз көрермендеріне шымылдығын ашқан еді. 90 жылдық тарихында театрда 300-ден астам шығарма қойылды. Бұлар қазақ опералары мен балеттерімен қатар, орыс, батыс Еуропа опера классиктерінің жауһарларынан тұратын репертуарлар», - деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.

 

Источник:  https://kaz.inform.kz/news/biil-abay-atindagi-kazak-ulttik-opera-zhane-balet-teatrina-90-zhil-toldi-9454bc/