Абай атындағы Қазақ Ұлттық Опера және Балет театры Сарыарқа төрінде!

16.05.2023

2023 жылдың 27-28 мамырында қазақ халқының рухани нышаны, жоғары мәдениет пен шеберліктің іргетасын қалаған, әлемдік атаққа ие болған туындылардың қойнауы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры «Астана Опера» театрының атақты сахнасында гастрольдік сапармен өнер көрсетеді.

Гастрольдік бағдарламаға әйгілі итальяндық композитор Джузеппе Вердидің (1813 — 1901) «ТРАВИАТА» екі бөлімді операсы мен хореография өнерінің жауhар туындылары – Родион Щедриннің өңдеуіндегі Жорж Бизенің «КАРМЕН-СЮИТА» және Римский-Корсаковтың музыкасына қойылған «ШЕХЕРЕЗАДА» балеттері кіреді.

Гастрольдік сапар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және бас демеуші «ХАЛЫҚ БАНК» АҚ қолдауымен өтеді.

«Травиата» операсының сюжеті (кіші) Александр Дюманың «Камелия ұстаған ханым» романының желісі бойынша қойылған. Джузеппе Вердиге әдеби шығармаға опера жасау мүмкіндігі 1848 жылы роман шыққаннан кейін пайда болды. Верди оның премьерасында болып, опера жазу туралы шешімге бірден келді. Ол Дюмадан өзіне жақын тақырыпты, яғни буржуазиялық қоғам бұзған әйелдер тағдырының трагедиясын тапты.

Алғаш рет, спектакль 1853 жылдың 6 наурызында Венецияда «Ла Фениче» театрының сахнасында көрсетілген болатын. «Травиата» операсы Абай ат. ҚазҰОБТ репертуарында театрдың алғаш ашылған күнінен бері бар, қазіргі таңда 2016 жылы жаңартылған қойылымы көрермен назарына ұсынылып жүр.

Басты партияларды танымал опера солистері, Верди операларының үздік орындаушылары орындайды. Виолетта – Зарина Алтынбаева, Альфред – Нуржан Бажекенов, Флора – Елена Никонова, Жермон – Александр Сметанин. Сонымен қатар, қойылымда Ф. Кубиев, А. Малышов, Толеген Рахымбаев, Анна Садуахасова, И. Артагалиев, И. Хамзаев, Б. Абитов өнер көрсетеді.

«Кармен-сюита» балетінің әлемдік премьерасы 1967 жылдың 20 сәуі­рінде Үлкен театр сахнасында өткен. Балеттегі басты тақырып ре­тінде – сыған қызы Кармен және оған ғашық болған сарбаз Хозенің қайғылы тағдыры алынған.

Басты партияларды Абай ат. ҚазҰОБТ жетекші балет әртістері: Кармен – Малика Ельчибаева, Хозе – Азамат Асқаров, Тореро – Нельсон Пенья, Жазмыш – Наргиз Мирсеидова, темекіші – Ақбота Бекболатова, Гүлбаршын Қасаболат, Корехидор – Елдар Әбілов сомдайды.

Сонымен қатар, бұл кеште Н.Римский-Корсаковтың симфониялық сюитасының балеті көрнекті итальяндық биші, балетмейстер, әрі Михаил Фокинның шығармашылығын зерттеуші – Тони Канделороның қойылымындағы «Шехеразада» балеті көрермен назарына ұсынылады.

Спектакль өз көрермендерін хореограф Михаил Фокиннің басты жұмыстарының бірімен таныстырады. Жалпы хореографияның данышпаны — хореографиялық драмалар тудырады. Осындай шығармаларда өзі ұсынған кейіпкерлердің мінезін дәл жеткізу үшін актерлік шеберлікпен қатар стильді біріктіреді. Біздің театрымызда «Шехерезада» балетін қойған Тони Канделоро хореограф Михаил Фокиннің «Шехерезада» балетін көрермендерге жаңа қырынан көрсетеді.

«Шехерезада» балетінде басты партияларды: Зобейда – Малика Ельчибаева, Алтын құл – Арқат Әшірбек, Шахрияр – Әмір Жексенбек, Земан – Дәурен Жеңіс, Әтек – Дәурен Нұржанов сомдайды.

 

NazarMedia