«Жамбыл жырау» – ұлттық операның рухани олжасы

05.12.2021

Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында өз мәресіне жетті.

 

Мемлекеттік ла­уазымды тұлғалар, Қырғыз Республи­касының жоғары мәртебелі делегациясы, мәдениет және өнер қайрат­керлері, зиялы қауым, ақын ұрпақтары, Алматы қаласының тұр­ғын­дары қатысқан салтанатты жиын Қазақстанның Мемлекеттік хатшы­сы Қырымбек Көшербаевтың Жам­был жылында атқарылған шараларды жан-жақты қорытындылауға бағытталған баяндамасымен ашылды. 

 

Баяндамаға кіріспес бұрын Қ.Көшербаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елба­сы Н.Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұлт руханиятының алыбы Ж.Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай жолдаған жүрекжарды құттықтау хатын оқып берді. Мемлекеттік хатшы Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс тойланған ұлы ақын мерейтойының символдық мәніне тоқталды. Жыл бойы республика көлемінде және одан тыс жерде атқарылған іргелі шараларға есеп берді. «Түркістан қаласында «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық ұйымының бейресми саммитінің аясында Түркістан декларациясы қабылданып, онда Ж.Жабаевтың 175 жылдығын түркі әлемінің ұлы тұлғаларының мерейтойы ретінде кеңі­нен атап өту туралы шешім қабылданды. Жамбыл Жабаевтың мерейтойы, қазақ халқының ғана емес, тұтас түркі әлемінің ортақ ұлы тойы десек, артық айтқандық емес. Ақынның он томдық шығармалар жинағы басылып, кітапханаға таратылды. Бұған қоса, Жамбылдың 3 томдық толық академиялық жинағы жарық көрді. «Жамбыл әлемі» сериясымен 30 томдығы дайындалып, ақынның музей-үйінде тұсаукесер рәсімі өтті. Сондай-ақ алып ақынның шығар­малары шет тіліне аударылып, кеңінен насихатталды. Жамбылдың жыр жинағы Бішкек қаласында қырғыз тілінде басы­лып шықты. Еліміздің барлық театрла­рында ақын туралы көркем туынды­лар сахналанып, кездесулер, ақындар айтысы ұйымдастырылды. Қысқаша айтқанда, бұл Жамбыл жылында атқарылған шаралардың бір парасы ғана. Қазақ халқы барда, адалдық пен адамдықтың, әділет пен ізгіліктің жыршысы Жамбыл да мәңгі жасай бермек» деді Қырымбек Елеуұлы.

 

Мерейтойға орай өткен мәдени жиын­ның ресми бөлімі аяқталған соң, кеш қонақтары Абай атындағы Қазақ ұлт­тық опера және балет театры дайын­даған «Жамбыл жырау» спектаклінің премьерасын тамашалады. Соңына мол әдеби мұра қалдырған Жамбыл шығар­машылығы әлемдік рухани мәдениеттің алтын қорынан орын алады. Ел басына күн туған қиын-қыстау уақытта жасындай жырларымен жарқылдап, миллиондаған жүрекке дем беріп, өзінің ұзақ та жарқын ғұмырын ең аяулы адамзаттық құндылықты жырлауға арнады. «Жамбыл жырау» операсы – ұлы ақынның бірегей талантының сырын ашуды мақсат тұта отырып, оны алғаш рет жаңа қырынан танытты.

 

Спектакльдегі күретамыр бейне, әрине, Жамбыл. Бір ғасыр жасап, сонау Қоқан хандығынан бастап, Николай патшаның, кейінгі кеңестік кезеңді, яғни үш дәуірдегі қоғамдық жүйені көрген Жамбылдың жүз жылдық өмірін, әрине, бір операмен қамту мүмкін емес. Бірінші актідегі аспаннан періштелердің түсіп, бесік әкелген көрінісі балет бишілерінің пластикасымен шешімін тауып, рухты көтеретін екпінді музыкамен бірден буырқанып басталып кетеді. Опера Жамбылдың бала кезінде Сүйінбай атасынан бата алған кезінен бастау алады. Содан кейінгі жастық шағы, Бұрым сұлумен махаббаты, Сүйінбайдың халық арасына келуі секілді ауыл ішінде басталған оқиға желісінің біртіндеп бояуы қалыңдай түседі. Тереңдей бастаған қоғамдық қайшылық ақын­ның бала күннен бірге ойнап өскен досы Тілмашпен жауласуына алып келеді. Қарындасы Бұрым Жамбылдың ғашығына айналады, елдің пірі Сүйінбай жас ақынға бата беріп, бәрінің ықыласы мен жаз көңілі Жамбыл жаққа ауып, бұл жағдай Тілмаштың кеудесіндегі ашу мен кекті оятады. Осы қай­шы­лық Тоқтағұлға қатысты көріністе тіпті шиеленісіп, қақтығыс түйінін шимайлай түседі.

 

Өмірінің он жылын түрмеде өткізген Тоқтағұлдың абақтыдан қашып шыққан бойы Жамбылға сәлем бере келетін тұсын толқып отырып тыңдамау мүмкін емес. Қазақ халқы үшін есімі қастерлі Тоқтағұлдың қазақты туған бауырындай жақын тартуының себебі жақсы мысалмен тарқатылады. Өзі өмір сүрген заманның қалыбына сыймай, әділетсіздік пен озбырлықты аяусыз сынаған қырғыз ақыны қудалауға түсіп, Сібірге итжеккенге айдалып, кісен үзіп, туған жеріне оралғанда, алдымен пана тұтқан адамы Жамбыл болады. Тоқтағұл секілді тап жауларымен ашық айқасқа шыққан күрескердің қас дұшпандарының бейнесі бір ғана Тілмаш образына жинақталған. Тоқтағұлдың қомызын лақтырып жіберген кезде сойылсоғар содырлардан сағы сынған ақынның шөкелеп отырып жылайтын тұсы жүрек шымырлатады. Шынжыр балақ, шұбар төс күштілердің әлсізге әлімжеттік жасауы ежелгі әдеті, Тоқтағұлға сермелген Тілмаштың қолындағы қылышты жұлып алуға Жамбылдың ғана дәті барады. Жамбыл ақын ғана емес, нар тұлғасы батырға лайық кесек мінез иесі. Халық­аралық байқаулардың жүлдегері Нұр­ғалым Аманбайдың тамылжыған тенор дауысы, әншілік өнері драмалық шеберлік­п­ен үйлесім тауып, Жамбыл образын өткір, бірбеткей, қайсар мінезбен байыта түс­кен. Тоқтағұл бейнесін сомдаған Тахауи Рах­метов басты кейіпкермен серіктестігін бауыр­ға деген алғаусыз ақ пейіл, адалдық, кіші­­пейілділік секілді қасиеттермен үстеме­леп, кейіпкер жанды актер екенін кәсіби дәлелдеді.

 

Жамбылдың толыққанды жырауға айналған кезеңін кеңестік дәуірмен байланыстырмай, керісінше, тұнық жырдың тұмасы арыда жатқанын көрсету үшін көне түркілер дәуірімен шендестіре алынуы – шығарма авторларының таптаурын түсініктен алыстап, ақынды өз тұғырына қондыруға ұмтылған тың тәсілі. Сахнада ежелгі түркілік тотем – бөрі бейнесіндегі бай­рақ­тың көтерілуі Жамбыл талантының тамыры түркілермен тұтасқан деген ойға тұспал жасайды. Шайырдың «Бөрілі менің байрағым» деп ұран салуы алпыс екі тамырда атойлаған тәңірлік тектің тыныш жатпай көктегі күн мен айды, жердегі от пен суды кие тұтқан кеңістіктен жаңғырық салып, үн қатуы.

 

Қорқыттан бастап күллі жырау біткеннің бас аспабы – қобыз. Жамбылға өлең даладан келмеген, қасиетті қобыз үнімен бірге нағашыларынан дарыған өнер. Қойылымның өн бойынан қара қобыздың қайта-қайта сай-сүйекті сырқыратып, ішегін тартып, бебеу қағып боздаған үні түркілік сарынды құлаққа әкеледі. Осы уақытқа дейін Жамбылды «жыр алыбы» деп төбемізге көтеріп ұлықтап жүрсек те, көрінеу көзге қиянатқа шалып, кеңестік саясаттың қолшоқпарына айналдырғысы келетін арам пиғылдың да қатар көрініп қалатынын аңғарамыз. Жамбыл бабаның ақсиған қызыл жолбарысының дүр сілкініп оянып, галлографиялық көрініспен екі-үш мәрте қылаң беруі ақынды қиянаттан арашалап қана қоймай, оның көшпелілер мәде­ниетінің сарқыты саналатын жыраулық мәдениетті бүгінгі ұрпаққа жеткізуде орасан зор үлес қосқан тұлға екеніне толықтай байлам жасайды. Жаңа қойылым арқылы Жамбыл тұңғыш рет түркілік деңгейдегі ірі тұлға болып танылды. Спектакльдің басты жетістігі де осы, Тоныкөк, Қорқыт, Кетбұға, Сыпыра жыраулармен қатар тұратын ақын тұлғасы сәтті сомдалды. Жамбыл осы тарихи тұлғалардың заңды ізбасары. Рухани мұрагері.

 

Жамбылды жырау еткен – жырлары. Жамбылдың жыраулық сипатын айқындау үшін либреттоның да осы мақаммен жазылуы маңызды. Либретто авторлары белгілі әдебиетші, түркітанушы ғалымдар Дархан Қыдырәлі мен Ақеділ Тойшан ерте заманнан келе жатқан жыр үлгісімен өлең құрауда тың тәсіл, өзгеше өлең өрнегін тапқан. Жамбылдың өмір сүрген кезеңі қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қаймағы бұзылмаған, ауыз әдебиетінің гүлденіп тұрған шағы, ендеше ақын туралы сахналық баянның да төрт аяғын тең басқан тайпалған жорға сынды сөз маржаны тізілген шымыр шумақтармен төгіле жырлануы сұлу сөз бен саздың рахатын сезіндірмей қоймайды. Арайлап атып келе жатқан ақ таңның сұлба­­сын­да аяқталған опера «Жамбыл – тәуелсіз елдің мәңгілік жырауы» деген оймен түйінделеді.

 

Опералық труппаның белгілі солистері орындаған ариялардың музыкасын композитор Әлқуат Қазақбаев жазған. Қоюшы режиссері – Диана Акимбаева, қойылымға Қуаныш Исмаилов дирижерлік жасады. Театрдың әр буындағы әртістері то­лық қамтылған кең ауқымды қойылым фольклорлық дәстүр сахналарымен орайластыра мазмұнды декорация құрып, театр технологиясының мүмкіндігімен көркем безендірілгенін де атап өткен орынды.

 

Жамбыл, Сүйінбай, Тоқтағұл, Тілмаш, Бұрым – негізгі бес кейіпкердің образына құрылған опера оқиғаның жамырап, шашылуына жол бермейді. Жинақы. Төлеген Рахымбаев – Тілмаш, Зарина Алтынбаева – Бұрым, Бекзат Абитов – Сүйінбай образдарында көрініп, сұлу саздың иіріміне тартқан күміс көмейдің қуатына тәнті етті. Хормен айтылатын әннің қайсысы да қуат­ты естіледі, ал көпшілік сахнасындағы опера әншілерінің саф дауыспен синхронды орындалатын хорымен теңесетін таңғажайып кемде-кем. Композитор Әлқуат Қазақбаевтың айтуынша, «ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қазақ пен қырғыз арасындағы мамыражай тіршілікті көрсеткен сахнада қомыз аспабында ойнау үшін қырғыз еліндегі өз шәкірттерін арнайы шақыртқан. Халық әндерінің, айтыстың, симфониялық музыканың өзара үйлесімінен туған таң­ғажайып әуен, сиқырлы саз, фольклорлық көріністер мен түйдек-түйдегімен төгілген өлең қуаты көрерменді уысынан шығармай ұстауы – шығарма шымырлығынан. Бұл туралы композитор: «Бір мәселені естен шығармау керек. Композитор музыканы жазғанда, тыңдаушыға түсінікті етіп жазуы керек. Музыканттың түсінгені шарт емес, ол халыққа түсінікті болуы керек. Қай көріністі алсам да, қай аспапты көздеп, қандай әуен құрасам да, ол жерден қазақтың иісі шығып тұруы керек деген мақсат қойдым. Мейлі еуропалық тыңдаса да, мейлі қияндағы ауылдың қазағы тыңдаса да, екеуі де ол музыканы бірдей түсінуі тиіс» дейді композитор «Жамбыл жырау» операсының жазылу сәтімен сыр бөлісіп.

 

Расында, биік өнердің шыңы опера мен балет десек, классикалық өнердің ордасы болып отырған хан сарайындай сәулетті театрлардың репертуарында ұлттық қойылымдардан гөрі еуропа композиторларының шығармалары басым келетінін көріп, іш қазандай қайнап, қамығатынымыз бар. Сол опера театрларының көрермендері арасынан шетелдіктерді, өзге халық өкілдерін жиі кездестіреміз. Өзге елдің мәдениетін білген жақсы, бірақ біз оларды бүкіл әлемге белгілі «Травиатамен» таңғалдыра алмаймыз, «Аидамен» озып, алдын орай алмаймыз, «Карменді» қойып көңіл төрін жаулай алмаймыз. Олар қазақ елінің театрынан осы ұлттың өмірі мен өнерімен таныстыратын бекзат дүние іздеп келеді. Тоқсан жылдан бері өз мектебін қалыптастырған ұлттық операмыздың репертуарына келіп қосылған «Жамбыл жырау» шығармасы өзгелердің алдында еліміздің өнерін лайықты таныстыра алатын ірі рухани олжа.

 

Материал: Egemen.kz

Автор: Айгүл Аханбайқызы