87-ші театр маусымы "Ұлы Абайға тағзыммен" басталады

06.10.2020

Абай атындағы ҚМАОБТ ұзақ үзілістен кейін алматылықтар мен қала қонақтарына өз есігін айқара ашады.

 

«Театр 75 жылдан бері өз маусымын ұлттық музыкалық өнердің інжу-маржаны Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсымен ашып келеді. Ал биылғы осы дәстүрді сақтап қалу мақсатында шығармашылық ұжым қазақтың ұлы ақынының 175 жылдығына арналған «Ұлы Абайға тағзым!» қойылымында көрермен сүйіп тыңдайтын ариялар, дуэттер және «Абай» операсынан көріністермен қатар, қазақстандық композиторлар Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Сыздық Мұхамеджанов, Еркеғали Рахмадиев, Нұрғиса Тілендиев, Қапан Мусиннің әндері мен романстарының премьералық орындауларын тыңдауға болады. Бұл туындылар симфониялық оркестрдің әуенімен бұрын-соңды орындалған емес. Сондықтан жаңа аранжировка мен әндердің жаңаша оқылуы тыңдаушыларымыздың жүрегіне жетіп, ұлттық вокалдық мұраның алтын қорын айтарлықтай байыта түседі деп үміттенеміз», – дейді театр директоры Ая Қалиева.

 

Қазан айы театр көрермендері үшін ресейлік режиссер Алексей Смирнов пен суретші Елена Бодрованың дуэтіндегі, Григорий Фридтің «Анна Франк күнделігі» моно операсының премьерасымен жалғасын табады. Спектакль 13 жасар жасөспірім қыздың күнделігі негізінде қойылған. Шығарма соғыстың адамгершілікке жатпайтын бет-бейнесін әшкерелейтін үлкен адамзат трагедиясының тарихи құжатына айналды. Биылғы жылы ІІ Дүниежүзілік соғысқа және Анна Франктың өмірден өткеніне 75 жыл толды. Оның бала күнделігінде жазылған жазбалары шебер жазылған әрі оқырманын таңғалдырмай қоймайды. Бүгінде «Анна Франк күнделігі» дүниежүзілік мәдени қазынаға айналып, әлемнің 70 тіліне аударылған шығарма ЮНЕСКО бағдарламасының «Әлем жады» тізіміне енді.

 

Ая Қалиева операның музыкалық тілі қарапайым емес, өйткені ол классикалық және заманауи композиторлық стиль тоғысында жазылған. Сондықтан басты кейіпкердің партиясын орындаушылардан жоғары вокалдық дағды талап етіледі. Музыкалық желінің көмегімен композитор жасөспірімнің көңіл-күйіндегі айырмашылықтарды барынша жеткізуге тырысады, деп атап өтті.

 

Операдағы басты партияларды МАОБТ солистері Венера Алпысбаева (сопрано) және Надия Наденова (сопрано) орындайды. Операның қоюшы дирижері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедьяров.

 

Қазіргі кезде театр көрерменімен көптен күткен кездесуге дайындық үстінде. Қойыоым барысында көрермен қауіпсіздігі мен әлеуметтік қашықтық талаптары есерілетін болады.

 

Материал: egemen.kz