
Дон Маньифико үйінде бәрі әдеттегідей: оның қыздары Тисбе мен Клоринда сыланып отыр, ал өгей қызы Күлбикеш (итальян тілінде — Ченерентола) үйдің бар шаруасын жасап жүр. Ол өзіне үш апалы-сіңлілерден мансапқор қызды емес, өнегелі қызды қалыңдық қып таңдаған патша туралы ән салады.
Есік қағылады - кедей шал келді. Негізінде бұл ханзада Ромироның ұстазы Алидоро. Ол ханзадаға қалыңдық іздеп жүр және бұл үйге қыздардың мінездерін білу үшін әдейі жұпыны-жұтаң киім киіп келген. Клоринда мен Тисбе шақыртылмаған қонақты қуып шықпақшы болады, ал Күлбикеш болса оны жайдары жүзбен қарсы алып, оған кофе ұсынады. Көңілі елжіреген Алидоро қызға ол өзінің мейірімділігі үшін әлем оған сый беретінін айтады. Хабаршылар Рамиро ханзаданың келгендігі туралы хабарлайды және сарайда болатын балға шақыру береді. Апалы-сіңлілер Күлбикешке тапсырмалар беріп мазалап, жанталаса жинала бастайды. Байғұс қыздың сарайға бару бұйырмағанына көңілі түседі. Қыздардың сайраған даусынан оянған дон Маньифико шығады. Керемет түсін ары қарай көре алмағанына ашулы. Оған шіркеу мұнарасына қонған қауырсынды, қанаты бар есек түсіне кіреді. Маньифико түсін жоруға тырысады. Қоңырау үні? Мерекеге! Қауырсын? Бұл оның қыздары, оның құстары! Қанатын қағып ұшу? Кедейлік пен плебейшілдік қош бол!
Демек, оның қыздары тиімді тұрмысқа шығып, ханым боп, көп немерелі болады. Ақыры азып-тозған барон өз жағдайын түзейді! Олай болса, есек кім болғаны? Бұл оның өзі - дон Маньифико ғой!Қызметші формасын киген ханзада Рамиро келеді. Қызметшісімен киімін ауыстырған ол оны мәртебесі үшін емес, өзін шын сүйетін адал қызды кездестіруді армандайды. Күлбикешті көрген ол, қыздың сұлулығына, жаратылысына тәнті боп ғашық болып қалады. Күлбикеш те тартымды бейтаныс жігітті ұнатады.
Рамиро үйдің қожайынына «ханзаданың» келгендігін салтанатты түрде хабарлайды. Дандини келеді. Сәнді киінген қару асынушыны бәрі нағыз ханзада деп қабылдайды. Маньифико ханзаданың өзінің қыздарының біреуін таңдайтынына дәмелі. Клоринда мен Тисбе қонақпен қылымси сөйлесіп назарын аударғысы келеді.
Күлбикеш өгей әкесінен оны да сарайға бірге алып баруын сұрайды. Дон Маньифико ашуланады: қызметшілерге балға бару жараса ма? Қолында тізімімен келген Алидоро құжатқа сәйкес үй қожайынында екі емес үш қыз бар екендігін айтады. Дон Маньифико оның үшінші қызы өлгендігі туралы айтып сендіреді. Күлбикеш оның сөзін жоққа шығарғысы келеді, бірақ өгей әкесі ол бір сөз айтса жазалайтынын айтып қорқытады. Рамиро баронның қызбен өрескел сөйлесіп тұрғанына мазаланады. Дандини комедия трагедияға ұласуы мүмкін екендігін байқайды.
Алидоро Күлбикешке мұңаймай, балға баруды ұсынады. Күлбикеш таңырқайды: бұл мүмкін бе? Киім ше?Карета ше?
Оның жолға шығуын бәрі күтіп тұр. Жігіт қыздың толқып тұрғанына таңырқап, оның мейірімділігі мен пәктігіне сүйсінеді – бұл нағыз қазынадай өте сирек кездесетін қасиет қой!
Ханзаданың орнындағы Дандини қызық үшін ойнап, дон Маньификоны бас шарапшы қылып сайлайтындығына уәде береді. Қыздарын ханзаданың көңілін аулау үшін қалдырып, Барон шарап қоймасына түседі.
Өзінің жаңа міндетіне кіріскен Маньифико жаңа заң шығарады: Бұдан былай шарапты сумен араластыруға болмайды! Әйтпесе дарға асамын!
Дандини мен Рамиро өздері ойлап тапқан айлаларына мәз, өйткені соның арқасында қалыңдық болуға үміткерлердің шын мәнінде өркөкірек және арсыз мінездері ашылды. Тисбе мен Клоринда қайта-қайта ханзададан олардың қайсысын таңдайтынын сұрап әлек. Жігіт не болсада екіншісін өзінің атқосшысына қосатынын айтады. Апалы- сіңлілер ашуланады: ол қара халықтан шыққан келбетсіз жігіт қой!
Кенеттен сұлу бейтаныс бойжеткеннің келуімен кеш тоқтап қалады. Барлығы қызығып, таңырқап тұр. Маньификоның жанұясы сұлу қыз бен Күлбикештің ұқсастығына абыржулы.
Дандини өзінің сүйетіндігін айту үшін Күлбикешті аңдиды. Бірақ бойжеткен оны емес, оның көмекшісін ұнатып қалғанын турасынан айтады. Кездейсоқ бұл әңгімені естіп қалып Рамиро қатты қуанады. Ғашықтар сөйлеседі. Бірақ Күлбикеш аяқ астынан сарайдан кетіп қалады. Сұлу бейтаныс қызды қалай тапса болады? Ол ғашығына білезік қалдырып кетеді. Қолында тура осындай білезік таққан бойжеткен ғана оның қалаулысы болады. Рамиро, ақыр аяғында өзінің киімін киіп, қызды іздеуге аттанады. Оны махаббат сезімі жетелей барады.
Дандини дон Маньификоға өзінің жай атқосшы малай екендігін мойындауға мәжбүр болады. Барон құрыды — неткен масқара! Ол бәрінің алдында күлкіге қалатын болды! Найзағай соғады. Ашулы апалы- сіңлілер балдан уйлеріне оралады. Күлбикешті көріп, балдағы қас сұлу мына нас қыз болуы мүмкін еместігіне көздері жетеді. Алидоро әдейі Маньификоның үйінің маңында аяқ астынан ханзаданың жеңіл арбасының сынып қалғандай жасайды. Рамиро мен Дандини жауын - шашыннан қорғану үшін баронның үйін паналауға мәжбүр болады. Күлбикеш таңырқап, жүрегінің қалауы – ханзада екенін түсінеді, ал Рамиро бойжеткеннің қолындағы білезікті көріп, ынтыға сүйіп қалған сол бойжеткен екендігіне көзі жетеді. Ханзада ұлан асыр той жасау үшін оны сарайға апармақшы. Бақытты Күлбикеш қуана өгей әкесі мен сіңлілерін кешіреді.
«Ауыспалы Тағдырдың дөңгелегі қашанда қозғалыста, біреуі шыңына жетсе, басқасы–түбіне жетеді. Алайда, өркөкіректік пен менменшілдік күлге оранып, ал мейірімділік пен пәктік өзінің жеңісін тойлауы да мүмкін!»-деп мадақтайды хор.