
екі бөлімді оперетта
Виктор Леон және Лео Штейннің либреттосы
Қатысушылар мен орындаушылар:
Ганна Главари, дәулетті жесір әйел
Граф Данило
Барон Зета, елші
Валентина, әйелі
Камилл де Россильон, француз атташесі
Негуш, елшіліктің жауапты хатшысы
Виконт Каскада
Рауль де Сен-Бриош
Хромов, сауда атташесі
Ольга, әйелі
Богданович, елшілік қызметкері
Сильвия, әйелі
Прищич
Прасковья, әйелі
Париждегі Понтеведро елшілігінде елші Зета Мирко мен оның қызметкерлері ханзаданың құрметіне қабылдау өткізуде. Кепілдікте болса да өздері үшін теңдесі жоқ керемет кішкентай мемлекеттерін шығынға ұшыратпаудан басқа ойлары жоқ... Осы оймен елші кешке Парижде тұратын бай, жесір әйел Ганна Главариді шақырады, мүмкін Ганна өз отандасына ғашық болса, оның орасан зор байлығы елге оралар еді...
Үміткерлікке елшіліктің үшінші хатшысы ертеде Ганнамен қатынасы болған граф Данило Данилович таңдалды. Данило отбасының үлкені – ағасының айтқанына көніп, Ганнадан бас тартуға мәжбүр болады. Ганна бай бірақ кәрі банкирге күйеуге шығып, көп кешікпей жесір қалады. Бірақ елшінің жоспары іске аспауы мүмкін, Ганна мен Данилоның арасындағы өкпе әлі тарқамаған... Ганна графқа өзінің байлығы үшін ғана көңілі бар екендігін бетіне басады... Елшіліктегі қабылдауда қызық оқиғалар болып жатады – кеңесші Хромовтың әйелі Ольга мен Сен Бриош, консул Богдановичтің әйелі Сильвия мен виконт Каскада алғашқы мерейтойларын атап өтпек... Елшінің әйелі Валентинаның өзі де француздық атташе Камиль Россильонмен көңіл көтеруге қарсы емес. Француз жігіт Валентинаның желпуішіне «Мен Сізге ғашықпын» деген сөздер жазады.
Банкет залында Ганнаның ақшасына көз тіккен еркектер әдемі жесірдің көңілін аудару жолында шыр айналуда. Зета Ганнаның көңілі французға түсе ме деп уайымдайды. Әйел болса Данилоның қызғанышын туғызғанына мәз. Данило мен Гана оңаша қалғанымен, Данилоның ғашықтық сезімін жеткізер түрі жоқ...
Мереке келесі күні Ганна Главаридің бағында жалғасады. Ол ән салып, балет артистері билерімен қонақтардың көңілін көтеруде. Кешігіп келген Данилоның Ганнамен сөзтартысы тоқтар емес. Россильонның бір әйелге өлердей ғашық екендігін біліп, жас француздың таңдауы Ганна болуы мүмкін деп Зета қатты уайымдайды. Данилоға құпияны ашуды тапсырады. Сен Бриош пен Каскаданың елшілік қызметкерлерінің әйелдерімен көңіл жарастырып жүргендігін әрі сұлу жесірден де дәмелі екендігін білгеннен кейін оларды бопсалай бастайды. Осы уақытты Россильон Валентинаға құмарлығын білдіреді. Елшінің әйелі алғашында жас жігіттің сезімдік қимылын елемеуге тырысса да, ғашықтық жалынының қызуына шыдай алмайды, екеуі жұптарын жазбай бақтың түпкіріндегі павильонға бой тасалайды. Зета дәл осы жерге елшіліктің қызметкерлерінің жиналысын жасайды. Олар Негуштің көмегімен көзге түспей қалады.
Ол Ганна мен Валентинаның орындарын ауыстырады. Зета есікті жұлқа тартып ашқанда одан Россильон мен Ганна шығып, барлығын таң қалдырады. Ганна олардың сөз байласқандарын айтады. Қызғаныштан өртене жаздаған Данило әйелді жазғырып, «Максим» клубына кетеді.
Главари ханым таңғалған көпшілікке Данилоның көп кешікпей қайтып келетіндігін, себебі оның сүйікті клубы жабық, ол ондағы қыздардың осында екендігін жеткізеді. Биші қыздар көңілді билерімен қонақтардың көңілін аулауда. Қайтып келген Данилоға Ганна өзімен Россильонның арасында ешқандай байланыс жоқтығын, тек қана Валентинаны құтқарғысы келгендігін айтады. Граф өзінің отбасына берген сөзіне берік болып қалу үшін, ғашықтықтан қиналса да үндемейді. Ганна күйеуі қалдырған өсиет бойынша ол қайта күйеуге шықса, барлық байлығынан айырылатындығын айтқан соң, Данило «Мен сені сүйемін» деген сиқырлы сөздерді айтады. Ганна өз байлығының осы өсиет бойынша оның жаңа күйеуіне көшетіндігін айтады. Кеш соңына таман Зета мен Валентина татуласады, әйелі күйеуін өзінің оған деген махаббатының беріктігіне сендіруге тырысады.