
Мансарда ішінде.
Латын кварталындағы – Париждің студенттік ауданындағы мансарда. Қыс. Мансардада жас суретші Марсель мен ақын Рудольф жоқшылықта өмір сүріп жатыр. Бөлме іші өте суық – отын жоқ. Бірақ осыншама қиындықтарға қарамастан олардың әзілдері жарасқан. Рудольф пен Марсельдің достары - философ Коллен мен музыкант Шонар келеді. Шонар азын-аулақ ақша тапқан екен және оған ішім-жем, отын тауып әкеліпті. Көңілдері көтерілген достар, пәтер ақысын талап етуге келген үй иесін келеке етіп, шығарып салады да, өздері дәмханаға бет алады. Үйде жазып жатқан мақаласын аяқтау үшін жалғыз Рудольф қалады. Есікті тықылдатқан әлсіз дыбыс естіледі. Бұл сөніп қалған шамына от сұрай келген көрші қыз Мими. Екі жастың арасында әңгіме-дүкен басталады. Ақырында Мими шығып кетіп, артынша қайтып оралады: ол өз бөлмесінің кілтін түсіріп алған екен. Кілтті іздеп жатқанда шам өшіп қалады. Рудольфтың нәзік қызға көңілі ауады. Мимидің қарапайым өмірі жайлы әңгімесі жас жігітті терең ойға қалдырады. Ол қызға ғашық болғанын жеткізіп, оның құптау сөзін естиді.
Латын кварталында
Рождество қарсаңында. Алаң да,кафе де шатыққа толы. Рудольф достарын Мимимен таныстырады. Отырыс қызған кезінде Марсельдің бұрынғы ғашығы Мюзетта келеді.
Оның жанында бай табынушысы, тәкаппар шал Альциндор бар. Қылымсыған Мюзетта Марсельдің назарын өзіне аударғысы келеді, ал Марсель болса оны байқамаған сын танытады. Тапқыр қыз өзінің табынушысынан құтылу үшін, ақырында бір амалын тауып, жалған тапсырмамен Альциндорды жұмсап жібереді де, Марсельдің құшағына енеді.
Мюзетта мейрамханадағы есепайырысуды өзінің қарт табынушысы қайтып келгеннен кейін төлейтінін айтып, көңілдері көтеріңкі жастар қайтады.
Шекара бекеті .
Ақпан айының таңы. Париждің шекара бекетіндегі дәмхана. Мими Марсельмен ақылдасқысы келіп оны осында іздеп келеді. Ол Рудольфтің қызғаншақтығынан өмірі адам төзгіссіз болғанын айтып, шағым айтады. Рудольф шығады. Марсель Мимиді шығарып салады, бірақ қыз кетпей қалып қояды. Марсельмен әңгіме барысында Мимидің ауыр дертке – өкпе ауруына шалдыққанын айтады. Мимидің еңіреп жылаған дауысы естіледі. Өзінің айтқанына ұялған Рудольф қызды құшағына алып, сабырға шақырады. Мими екеуінің айырылысқандары дұрыс деп шешеді. Марсель мен Мюзетта келеді. Олар тағы да ұрысуда. Марсель қызға түзелмейтін жеңілтектігін айтып, олар ақыры татуласудың орнына тағы ажырасып тынады.
Мансарда ішінде.
Сол мансарда. Бірнеше ай өтті. Марсель мен Рудольфтың жұмысы тағы да ойдағыдай емес. Олар ғашық жандарын сағынуда. Күтпеген жерден мазасызданған Мюзетта келеді. Оның жанында әбден әлсіреген, жоғарыға әзер көтерілген Мими бар. Қобалжыған достары Мимиді ұқыппен кіргізіп, жайғастырады. Бөлме іші бұрынғысынша суық, Мюзетта Мимиге дәрі сатып алуға және дәрігерді шақыруға өзінің сырғаларын шешіп, Марсельге береді. Рудольфтан басқалары шығып кетеді. Рудольф пен Мими бірінші кездесулерін естеріне алады. Олар әлде де бірін-бірі сүйеді. Алайда, науқастың тынысы тарыла бастайды. Рудольфтың үміті үзіледі, Мими өледі...