
4 бөлімді опера
М.Төлебаев
либреттосы К. Жұмалиевтікі
Қатысатындар:
Біржан, ел ақыны, әнші , тенор
Біржанның анасы, меццо-сопрано
Биржанның әкесі, баритон
Естай, Біржанның досы, тенор
Алтынай, сопрано
Сара, ақын қыз, сопрано
Жиенқұл, бай, баритон
Жанбота, жергілікті болыс, баритон
Серік, Жанботаның нөкері, тенор
Қазақтың Қоянды елді мекенінде үлкен дүбірлі де күмбірлі той – жәрмеңке ашылды!
Мұндағы сатылатын әдемі де әртүрлі ғажайып тауарлардың молдығы көз сүріндіреді!
Небір халық өнерпаздары, шебер- қолөнершілері еселі де еңселі еңбек етуде! Бұл жерде жауған қардай ақ киіздегі өрнектер және күнге шағылысқан қайталанбас суретпен көмкерілген әшекейлі күміс бұйымдар, бай ою-өрнекті, жібек шашақты кілемдер… Міне, баран түсті ат мінген атышулы болыс Жанбота өзінің нөкерлерімен жәрмеңкеге келді. Ол мейірімді тәкаппарлықпен халық қошеметін қабылдап, сауық-сайран думанын одан әрі жалғастыруға рұқсат берді. Бұған қоса ол айтыс жеңімпазына арнайы сыйлық тағайындайтынын жеткізді.
Бүгінгі айтыста атақты ақындар Біржан мен Сара сайысатыны жайындағы хабар қалың жұртқа бұлтты шаққан найзағайдай әсер етті, себебі олардың әндері мен сөздерін, ғажайып өнерін бұл өңірде еңбектеген сәбиден еңкейген шалға дейін жақсы біледі! Бәрінің көңілінде бір сауал: кім жеңер екен?!…
Біржанның келгені туралы қуанышты хабарды балаң жігіт Естай жеткізеді: айнымас жан серігі сырнайды құлаштай тартып, ол, «Ей, жігіттер, әнге бас!» – деп сайысқа жұртты шақырып, жар салды. Бір кезде, шаттыққа толы құйынды бидің үстінде, сұлу көкшенің Оқжетпесін, орман-тоғайын, шатқал-құздарын, айдын көлдерін әнге тербеген Біржанның асқақ дауысы естіледі. Халық Жетісу өңірінен келген сұлу Сараны зор қошеметпен қарсы алды!
Бір-біріне ілтипат көрсеткен екі ақын бірден айтысқа кірісіп кетті: қағытты, түйреді, бірін-бірі шабыттана сүйреді. Сараның әні әу баста қуаныш пен шаттыққа толы болса, Біржан көтерген тақырып би-манаптарға деген ыза мен кекке, дарынды қазақ қызының тағдырына деген күйінішке толы. Сайыскерлер ұтқырлық пен тапқырлықтың алтын көзін ашып, тыңдаушыларына сөз бен ой маржанынан шашу шашады!
Біржан өнері Сараны бірден тәнті етеді. Қыздың көңілі Біржанға қатты құлағанымен, ол өз еркінен тыс болыс Жанботаның інісі, бүкір Жиенқұлға тоқалдыққа айттырылған еді. Сондықтан Сараның үнін біртіндеп мұң басады, жаны шерге булығып, жанары жасқа толады.
Біржан ақын бар күшін салып, небір сұлу сөздің майын ағыза қызды алтын торға түсіргісі келгенімен, Сара ұстатпайды, уысынан сусылып шыға береді; аяғынан шалғанымен, ұшқыр құстай аспанға шапши атылып, одан сайын қуаттана, шабыттана түседі… Міне, Біржан өнері аспан кезген ұшқыр қызға бүкір Жиенқұлға қор болып бара жатқанын, малға сатылғанын бетіне басып, болашақ күйеуін жұрт алдына әкелуін талап етеді… Бұдан Сараның Біржанға деген көңілі одан сайын артып, екі жанның ынтық үндері бір арнаға қосыла, көңілдері махаббаттың алтын бесігінде тербеледі…
Бұл сайыстың жеңімпазы – махаббат! Ардақты ақындарының өнерін тәнті етуге келген қалың жұрт та бұл көріністі жанымен қабылдап, оларды қошеметке бөлейді. Аспандағы Күн мен Айдай екі өнерпаз бір-біріне жан жылуын төге түсуде…
Бұл жаппай қуанышты озбыр да өркөкірек Жанботаның өктем дауысы тоқтатады. Себебі, ол Біржаннан өзі туралы мадақтау сөздерін күткен еді. Олай болмады. Бұған қоса, Сараның мал беріп айттырған жары, бүкір інісі Жиенқұл күлкіге көтеріліп, мазақ етілді. Жанботаның көрсеткен айбаты мен айтқан қаһарлы сөздері айналасына дүре салғаннан да ауыр естілді.
Асқан өнер иелерін ардақтап басына көтерген халық, дөрекі болысқа «мадақ әнін» арнайды, мұнда оның зұлымдығы, қатыгездігі шегіне жеткізе әшкереленіп, келеке етіледі. Қатты қапаланған Біржан өзінің драмалық шиеленіске толы атақты «Жанбота» әнін шырқайды. Ән сүйер қауым оны бірден азаматтық ұранына айналдырып, Біржанды ұстауға қаумалаған Жанботаның нөкерлеріне тойтарыс береді. Мазаққа батқан Жанбота жәрмеңкеден кетуіне мәжбүр болады. Халық ән өнерінің мерекесін одан әрі жалғастырады…
Сұңғыла сұлу Бурабай көлінің жағасындағы Біржан ауылы.
Киіз үйдің жанында отырып, мұңды ойға батқан Біржан терең толғаныс үстінде Сараға деген сағынышын ән арқылы жеткізуде. Сүйікті ұлының қатты толғанып, қамыққан кейпін көрген шешесі – Аналық оның көңілін жұбатып, ойлаған арман-мақсатына жетуіне тілек білдіріп, бәйек болуда. Осында, Біржанға жауапсыз ғашық қыз Алтынай да бар. Ол әншіге құрмет пен байлықты себеп қылып, жүрегін жаулап алуға тырысуда…
Молдалар тобынан биліктің айтқанын екі етпей орындау туралы ескерту алған, өмірдің тауқыметін көп көрген байғұс әкесі Қожағұл, үлкен қиналыс, қынжылыс үстінде. Әсіресе ел арасына кеңінен тараған, Жанботаны жер-жебіне жеткізе әшкерелеген баласының әні оның жанына қатты батып, бұл қылығы үшін оны ұялтады. Бірақ Біржан оған құлақ асар емес, керісінше, одан сайын қатайып, өзін ешкімнің алдында бас имейтінін айтады. Әншінің жанына туған халқы, достары, құрбылары жиналып, Біржаннан бір ән айтуды сұрайды. Әнші Сараға барған ұзақ жолда туған жаңа бір әнін шырқап, осы сапарда ұлы Абаймен кездескенін, одан қайыспас қайрат, мұқалмас жігер алғанын жеткізеді…
Бұл қуанышты күтпеген жерден келген Жанбота тоқтатады. Егер Біржан өзінің бостандық сүйгіш әндерін айтуды доғармаса, ол күш қолдануға уәде береді. Жанботаның нөкерлері халықты қуады. Қорлық пен зомбылыққа ұшыраған Біржан өзінің ата- анасымен қалады.
Сара мен Жиенқұл ұлан-ғайыр тойының дайындығы аяқталуда. Шариғат заңы қатал – әйел заты өз ұнатқанына тұрмысқа шығу, тіпті ол туралы армандау пешенесіне жазылмаған. Үйлену тойының жылтыраған әбзелдері жас қалыңдықтың өксік көңілін әсте жұбатар емес. Біржан қабылдамаған махаббаты үшін қызғаныштан іші күйген Алтынай өзінің бақталасынан өш алу жолын табады. Жымысқы Серікпен келісіп, жұрт арасына «Масқара! Біржан есінен айрылып, диуана болып тау-тасты жаралы жолбарыстай кезіп, жынданған кейпінде адамдарды шошытуда» – деген өсекті таратады. Міне, Алтынайдың кегі іске асты – бұл хабарды естіген Сараның жүрегі қарс айрылып, қайғыдан жапа шегуде… Табалау, жылмысқы сөзімен Алтынай Сараға көңіл айтады, той жыры «Жар-жар» әні басталады. Жиналған жұрт мерекелік үйлену той биін билейді…
Өз дегеніне жеткен Жиенқұл зор салтанат үстінде! Бірақ, пендешілік өмір заңы Сараның жүрегіне, асыл арманына үстемдік ете алмайды: оның жүрегі тек қана Біржанға берілген! Қауіп- қатерден еш қаймықпаған әнші, сүйіктісін қорғау-құтқару үшін бұзып-жарып үйге кіріп келеді. Біржанның қаһарынан қорыққан Жиенқұл тобы қашып кетеді.
Екі жас табысып, оңаша қалған кезде, Біржан сүйіктісіне шалғайдағы еліне қашу туралы ұсыныс жасайды, оларға Көкшетаудың қатпар таулары, қарағайлы қалың орманы, берік достары көмек беретіндігін айтады… Улы қызғаныш сезіміндегі Алтынай қарауылшыларды көмекке шақырып, қашқындардың жолын бөгейді. Бұлардың арасында Жанбота мен Жиенқұл да бар, олар ғашықтарды мәңгілікке ажыратуға берік шешімге келген…
Қайырымсыз дүлей күштің алдында қайтпас Біржан өзін және Сараны қорғауға дәрменсіз…
Күн ұясына батып бара жатып, өзінің ақтық сәулесін Көкшетау тауларының сілемдеріне әлсіз таратуда. Таудың бір үңгірінде әлсіреген, қатты азап шеккен Біржанды дұшпандары шынжырмен бұғаулаған. Әнші өлімінің жақындап қалғанын, бұл дүниеден көшетіндігін анық сезінуде. Бірақ ол азаттық аспанына шапшыған асқақ әндерінің өлмейтіндігіне кәміл сенеді.
Қарауылшы Серік айналасындағы жандайшаптарымен көңіл көтеруде. Олардың жоқтығын пайдаланып, Сара ауыр азаптағы Біржанға келеді. Әншінің жан түршігерлік жағдайда екенін көрген ол, енді бір сәтке де тоқтауға болмайтындығын түсініп, көмекке адамдарды шақыруға жедел шығып кетеді. Өлімге тақап қалған, қол-аяғы маталған дәрменсіз Біржан енді ешқандай қауіп келтіре алмайтынын Жиенқұл жақсы біледі. Әншіні мұқата қорлап масаттанған ол, шариғат заңын бұзғаны үшін молдалар тобынан тез арада өлтіру үкімін шығаруды талап етеді. Болыстың атармандары сот шешімін іске асырады… Өлім үстіндегі ақын Сарамен, жақын достарымен, туыстарымен, туған жерімен мәңгілікке қоштасу үстінде соңғы ариясын орындайды… Әншінің анасы жан сырқыратар жоқтауын айтады…
Махаббат өлімнен де күшті! Біржан мен Сара махаббатының асқақ үні әрбір атқан таңның шуақты нұрымен жанымызға мәңгі құйыла бермек.