Алматыда жаңартылған «Жизель» балеті қойылады

19.05.2023

Алматыда жаңартылған «Жизель» балетінің премьерасы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Жизель» балеті 20-21 мамыр күндері Абай атындағы ҚазҰОБТ-да сахналанады. Айта кетейік, А.Аданның «Жизель» балеті романтизм дәуіріндегі шығармалардың шыңы. Сондай-ақ әлемдік театрларда ең көп қойылған туынды.

Спектакльдің қоюшы балетмейстері Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Юрий Васюченко. Біз ол кісіні театрға арнайы шақырдық. Аңыз желісімен сахналанған «Жизель» балеті көрермендердің ыстық ықыласына бөленеді деген сенімдемін. Балетмейстерлеріміз бұл шығармаға ұзақ уақыт дайындалып, өздерінің шеберлігін шыңдады, – дейді Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры Нұрбақыт Бөкебаев.

«Жизель» балеті қазақ сахнасында алғаш рет, 1943 жылы 27 шілдеде КСРО халық әртісі Галина Уланованың ұйымдастыруымен қойылған. Сондай-ақ «Жизельдің» партиясын да өзі сомдаған.

Театрда 45 жылдан астам сахналанған қойылымды жаңарттық. Спектакльде декорациялар да, костюмдер де, бутафория да – бәрі үйлесімді. Біз М.Петипаның дәстүрлі хореографиясына негізделдік, оның дарынының арқасында аталмыш балет екі ғасыр бойы әлем сахнасынан түспей, ең репертуарлық спектакльге айналған. Премьераға театрдың 55-тен астам өнерпаздары жұмылдырылды. Спектакль классикалық туынды болғандықтан, оны жоғарғы деңгейде орындап шығу қажет. Жизель мен Альберт партиясын сомдауды бишілердің барлығы бала кезінен армандайды. Сол себептен театр әртістеріне артылар жүк көп, – дейді балет труппасының бас балетмейстері ҚР халық әртісі Гүлжан Түткібаева.

 

Фото: автордан

baq.kz