Күй атасы — Құрманғазы

27.04.2023

   Қазақ музыкасының тарихының аңызына айналған Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 205 жыл толуына орай ұлттық және классикалық шығармалардан құралған кеш ұйымдастырылды. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші опера әртістері мен Нұрғиса Тілендиев атындағы Мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі көрермен назарына керемет концерттік бағдарлама ұсынды.

   Кеш ұлт мәдениетінің асыл қазынасына теңдессіз үлес қосқан, ұлы күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына арналды. Күй ұлтымыздың үні мен сөзі болған, халқымыз дүниеге әкелген көркем құндылықтардың шыңы. Ал, Құрманғазы ұлттық мәдениет пен музыканы әлемдік деңгейге шығарған өнер иесі. Халқымыз үшін күй мен Құрманғазы есімі бір-бірімен астасып кеткен ұғым. Ол ұлтымызға, елімізге ортақ, адамзат мәдениетінің тарихында өшпес із қалдырған тұлға.

   Кеште Құрманғазының рухын асқақтатып, тыңдаушының жігерін оятып, серпілдіретін танымал күйлері орындалады. Ол күйлер – тағдырдың талқысына, өмірдің қаталдығына музыка арқылы берілген жауап, жан шырылының белгісі.

   Концертте Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың «Құрманғазы» операсынан ария мен дуэттер шырқалып, Базарбай Жұманиязовтың «Махамбет» операсынан ария, Нұрғиса Тілендиев, Дина Нұрпейісова, Евгений Брусиловскийдің шығармалары орындалды.

   «КҮЙ АТАСЫ — ҚҰРМАНҒАЗЫ» концерттік кеші арқылы Құрманғазы шығармашылығын кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу; күй өнерінің дәстүрлері мен жетістіктерін жаңғырту және насихаттау; халықтың мәдени демалысы мен эстетикалық тәрбиесін, рухани және мәдени құндылықтармен дамыту

   Ақпарат пен фотосуреттер Абай ат. Қазақ ұлттық опера және балет театрының баспасөз қызметі тарапынан берілді.

   Фотосурет: Кайрат Коныспаев

 

   NazarMedia