03.12.2021

Абай атындағы ұлттық мемлекеттік академиялық опера және балет театрының «Жамбыл жырау» операсының премьерасы өтті.

 

Опера басталар алдында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев құттықтау сөз сөйледі. Ол барша жиналған қауымды ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығымен құттықтап, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаттарын оқып берді. ҚР Мемлекет хатшысы уақыт өткен сайын жыр алыбы Жамбылдың қайталанбас тұлғасы асқақтай беретінін тілге тиек етті. «Соғыстың алмағайып аласапыран шағында жасындай жырларымен жауынгерлерге дем берген ұлы ақын бір ғана «Ленинградтық өрендерім» атты дастанымен миллиондаған жанның үмітіне дем беріп, әлі күнге жырсүйер жүректердің төрінде тұр емес пе? Қызыры – қызыл жолбарыс болған жыр жампозы аты түгел түркіге, тіпті әлем халықтарына жайылғаны ақиқат. Ұлы суреткер Мұхтар Әуезов: «Жамбыл – ақыл-ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бір өзі – әрі эпик ақын, әрі айтыс ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» – деп жазған. Біз бүгін рухына тағзым етіп отырған Жамбыл Жабаев кездейсоқ құбылыс емес екені анық. Ол тарих өзі дүниеге әкелген халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі. Қазақтың ақындық өнерінің қазанында қайнап, ежелгі ауыз әдебиетінің кәусарымен сусындап, ақындық, жыраулық дәстүрдің ХХ ғасырдағы туын биікке көтерген дана-абыз, ұлы жырау», - деді

 

Сонымен қатар, ол Тәуелсіздік жылдарында «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданып, руханиятымыз түгенделгенін атап өтті. «Кешегі Еділден айырылған қазақтың Есілдің жағасында бой көтерген еңселі елордасы ұлттық идеямызға айналды. Түгел түркі жұрты паш ететін рухани астанамыз – тарихи Түркістан қайта жаңғырып, бой көтеруде. Осынау елдің қуанышына айналған толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының әрі еліміздің даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының арқасында қол жетті. Егемен елімізде рухани-мәдени бағытта атқарылып жатқан игілікті істердің барлығы ұлы ақынның ұрпағы Нұрсұлтан Әбішұлының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тиімді жүзеге асырылуда. Мән-мағынасы терең бұл бағдарлама тарихи сананы қалыптастыруға, қазақ халқының мемлекеттілігі мен ұлттық бірегейлігін нығайтуға, төл мәдениетіміз бен әдебиетімізді өркендетуге ерекше серпін берді», - дейді ол. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы қабылданды. «Мазмұны жағынан ауқымды, мәні терең бұл жобаның тағылымды сабақтастығының арқасында жарасымды жалғасын тауып, қоғамның мәдениетін көтеріп, рухани байлығын арттыра түсетіндігіне сеніміміз мол. Ұлт руханиятының темірқазығындай болған биылғы Жамбыл Жабаевтың мерейтойы да – халқымыздың рухани жаңғыруының бір белгісі. Жыл басында Мемлекет басшысының Жарлығымен ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастыру мақсатында арнайы Мемлекеттік комиссия құрылды. 2021 жылғы 31-ші наурызда «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті аясында «Түркістан декларациясы» қабылданып, онда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын түркі әлемінің ұлы тұлғаларының мерейтойы ретінде кеңінен атап өту жөнінде шешім қабылданды. Сондықтан Жамбыл Жабаевтың мерейтойы қазақ халқының ғана емес, тұтас түркі әлеміне ортақ ұлы той десек, артық айтқандық емес. Бүгінге дейін ұлы ақынның мол мұрасын насихаттап, дәріптеуге байланысты мәдени шаралар бекітілген Жоспар бойынша іске асырылды», - деді ҚР Мемлекеттік хатшысы. Мерейлі жылдың қорытындысы ретінде бүгін көрермен назарына «Жамбыл жырау» операсы ұсынылды.

 

Материал: KazInform

Авторs: Алма Мұқанова