Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кеңес Бақтаев өмірден озды

14.09.2023

Бүгін 87 жасқа қараған шағында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кеңес Бақтаев өмірден озды.

Өз еңбегіне деген адалдығы, театр өнеріне деген сүйіспеншілігі мен ойы дара, жаны жайсан жан еді. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының ұжымы Кеңес Бақтаевтың отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

 

Жарқын бейнеңіз, мейірімділігіңіз бен шынайылығыңыз біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кеңес Бақтаев Абай атындағы опера және балет театрына Роза Жаманова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Мүслім мен Ришат Абдуллиндер, Байғали Досымжанов, Нариман Қаражігітов сынды аты аңызға айналған әншілер сахнада өнер көрсетіп жүрген кездерден қызмет атқарған. Ұлттық классиканың алтын қорына енген ауқымды қойылымдарда Кеңес Бақтаевтың жарқын актерлік таланты көрермендерді бірден жаулады.

Оның терең де күрделі образға ене білетін талантын атақты композиторлар Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, дирижер Тұрғұт Османов және сахнадағы әріптестері жоғары бағалады. Опералық өнерге арнаған отыз жылдан астам Кеңес Бақтаев театрда тенорлық репертуардағы барлық партияларды орындады. Олардың ішінде «Біржан-Сара» операсындағы Естай мен Серік, «Қамар сұлу» операсындағы Тезекбай, «Алпамыстағы» Кейқуат, «Ер-Тарғындағы» Жырау, «Еңлік-Кебектегі» Жапал, «Абайдағы» Нарымбет, «Евгений Онегиндегі» Трике, «Князь Игорьдегі» Ерошка, «Сорочинская ярмаркадағы» Попович, «Тоскадағы» Сполетто, «Риголетто» операсындағы Борсо.

Театр труппасының құрамында Кеңес Бақтаев Қазақстан бойынша, Ресей, Еуропа және Азия елдерінде гастрольдік сапарларда болды. Кеңес Бақтаев камералық әнші ретінде де өнер көрсетті, оның орындауында Қазақстанның радио және теледидарының Алтын Қорына енген 50-ден астам қазақ, орыс және батыс еуропалық композиторлардың туындылары жазылды.

Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Шегенің партиясы Кеңес Бақтаевтың репертуарындағы жарқын бейнелерінің бірі болды.