27-28 мамыр күндері Абай атындағы ҚазҰОБТ Астанада қай балеттерді сахналайды

16.05.2023

Астана Опера сахнасында Зарина Алтынбаева, Нұржан Бажекенов, Малика Ельчибаева, Азамат Асқаров, Арқат Әшірбек сынды артистер өнер көрсетеді.

27-28 мамырда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры "Астана Опера" театрының сахнасында гастрольдік сапармен өнер көрсетеді.

Гастрольдік сапардың алғашқы күні әйгілі композитор Джузеппе Вердидің "Травиата" екі бөлімді операсы сахналанады. 28 мамырда "Кармен сюита" және "Шехерезада" балеттері қойылады.

"Травиата" операсының сюжеті (кіші) Александр Дюманың "Камелия ұстаған ханым" романының желісінде қойылған. Джузеппе Верди 1848 жылы романның тұсаукесерінде болып, опера жазу туралы шешімге бірден келген. Ол Дюманың әдеби шығармасынан өзіне жақын тақырыпты, яғни буржуазиялық қоғам бұзған әйелдер тағдырының трагедиясын тапты.

Спектакль алғаш рет 1853 жылы Венецияда "Ла Фениче" театрының сахнасында қойылды. "Травиата" операсы Абай атындағы ҚазҰОБТ репертуарында театрдың алғаш ашылған күнінен бері бар. Қазіргі таңда 2016 жылы жаңартылған қойылымы көрермен назарына ұсынылып жүр.

Басты партияларды танымал опера солистері, Верди операларының үздік орындаушылары орындайды: Виолетта – Зарина Алтынбаева, Альфред – Нұржан Бажекенов, Флора – Елена Никонова, Жермон – Александр Сметанин. Сонымен қатар, қойылымда Ф. Кубиев, А. Малышов, Толеген Рахымбаев, Анна Садуахасова, И. Артагалиев, И. Хамзаев, Б. Абитов өнер көрсетеді.

"Кармен-сюита" балетінің әлемдік премьерасы 1967 жылы Үлкен театр сахнасында өтті. Балеттің басты тақырыбы – сыған қызы Кармен және оған ғашық болған сарбаз Хозенің қайғылы тағдыры.

Басты партияларды Абай атындағы ҚазҰОБТ жетекші балет әртістері сомдайды: Кармен – Малика Ельчибаева, Хозе – Азамат Асқаров, Тореро – Нельсон Пенья, Жазмыш – Наргиз Мирсеидова, темекіші – Ақбота Бекболатова, Гүлбаршын Қасаболат, Корехидор – Елдар Әбілов.

Балет кешінде Н. Римский-Корсаковтың симфониялық сюитасының балеті көрнекті итальялық биші, балетмейстер әрі Михаил Фокинның шығармашылығын зерттеуші – Тони Канделороның қойылымындағы "Шехеразада" балеті көрермен назарына ұсынылады. "Шехерезада" балетінде басты партияларды сомдайтындар: Зобейда – Малика Ельчибаева, Алтын құл – Арқат Әшірбек, Шахрияр – Әмір Жексенбек, Земан – Дәурен Жеңіс, Әтек – Дәурен Нұржанов.

 

Фото: Абай атындағы ҚазҰОБТ баспасөз қызметі

informburo