Абай әндерін орындап, байқаудың жеңімпазы атан

07.07.2020

Абай атындағы МАОБТ кәсіби емес орындаушылар арасында конкурс жариялады.

 

Ұлы ақын әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында 13 шілде мен 9 тамыз аралығында кәсіби емес орындаушыларға арналған «Абай әндері» онлайн-конкурсын жариялайды.

 

Байқауға барлық тілек білдірушілер қатыса алады. Ол үшін Абай Құнанбайұлының өзіңіз сүйіп тыңдайтын туындысын орындап, оны бейнеге жазып, қазылар алқасына жіберуіңіз қажет. Іс-шара туралы толық ақпарат www.gatob.kz ресми сайтында және театрдың әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарда жарияланған. (Facebook, Instagram)

Байқауға қатысушылардың бейне-жазбалары театрдың ресми YouTube арнасында орналастырылады, онда ашық онлайн дауыс беру өтеді.

 

– Абайдың 175 жылдығына орай 2020 жылы ауқымды бағдарлама дайындадық, – деді МАОБТ директоры Ая Қалиева. – Мерейтой аясында ТҮРКСОЙ елдерінің қатысушыларымен халықаралық фестиваль өткізу жоспарланған болатын. Алайда пандемияға байланысты барлық іс-шараларды кейінге қалдыруға тура келді. Бірақ біз онлайн-байқау өткізуді және оған кәсіби емес орындаушыларды тартуды шештік, өйткені Абай – халық ақыны. Байқауға Түркі елдерінің өкілдері де қатыса алады, осылайша біз шығармашылықтың шегін кеңейтеміз, әртістерді жанрлармен шектемейміз, олар ойшылдың шығармаларын жеке және ансамбльдерде орындай алады. Байқау сонымен қатар таланттарды ашуға арналған. Ашық онлайн дауыс беру соңында барлық жеңімпаздар ұйымдастырушылардан алғыс хаттар мен дипломдарға ие болады. Ерекше көзге түскен өнерпаздарды театрдағы қойылымдарға шақырамыз.

 

Театрда карантин басталғаннан бері ұйымдастырылған онлайн-бағдарламадан басқа жаздың соңына қарай Абай құрметіне ашық ауада концерт өткізілмек, ал күзге қарай жаңа маусым ашылады деген үміттеміз.

 

Абай атындағы ҚМАОБТ өз көрермендері мен театр өнерінің жанкүйерлерін қуанту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және отандастарды осы қиын уақытта сақ болуға шақырады! Театр онлайн режимінде мәдени шараларды ұйымдастыру бастамаларын қолдайды.

 

Aiqyn