Еңлік-Кебек

2 бөлімді опера

Либреттосы С. Жиенбаевтікі М.Әуезовтың осы аттас драмасы негізінде

 

Қатысушылар:

Еңлік – найман руының қызы

Кебек –тобықты руының батыры

Абыз –тобықты руының данагөйі

Жапал – бақташы, Еңліктің досы

Есен –найман руының батыры

Жауатай – тобықты руының батыры, Кебектің досы

Кеңгірбай- тобықты руының бас биі

Көбей – тобықты руының биі

Еспембет- найман руының биі

Қараменде – тобықты руының ақсақалы

 

Пролог

Даланың үстінен, Шыңғыс тауларының үстінен қарғалардың қаптап өткен шоғырындай қап-қара үрейлі, суық хабар есіп өтті- Еңлік пен Кебек өлтіріліпті.

Екі рудың – Найман мен Тобықтының жаулығы, ел басылардың қатыгездігі мен қиянатшыл опасыздығы махаббат пен бақытқа қол созып, ата-баба әдет-ғұрпын тұңғыш рет бұзуға батылдық жасағандардың жастығына қараған жоқ, оларды өлім жазасына кесті.

Барлығын өз әнімен, өз ақылымен және сұлулығымен Еңліктің қуанышқа бөлегені кеше ғана емес пе еді?

Нағыз батыр Кебектің ерен ерліктері мен даңқы ел ішінде тарағаны да кеше ғана емес пе еді? Ол халқы үшін семсерін талай рет көтеріп, туған жерін жаулардың шапқыншылығынан талай рет сақтап қалған-ды.

Қарт, дана Абыз қайғырып тұр. Ол Еңлік пен Кебекті қорғап қалуға үлгере алмады, билердің тас жүрегін жібіте алмады. Оның әні әлсіз екен, оның бітімге, жақсылық пен әділдікке шақыруынан дәрмен жоқ екен.