ҚАЛИЕВА АЯ ЖАКЕНҚЫЗЫ

ҚАЛИЕВА АЯ ЖАКЕНҚЫЗЫ

БАС ДИРЕКТОР

Ая Қалиева - композитор, музыкатанушы, оқытушы, қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, іскерлік әкімшілік магистрі, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

Ая Жакенқызы Қалиева 1990 жылы П.Чайковский ат. Алматы музыкалық училищесін (қазіргі колледж) фортепиано мамандығы бойынша бітірген. 1995 жылы Құрманғазы ат. Алма-Ата мемлекеттік консерваториясының композиция мамандығын, 1997 жылы аспирантурасын тәмамдаған.

Еңбек жолын П.Чайковский ат. Алматы музыкалық колледжінде музыка-теориялық пәндердің оқытушысы (1995-1997), кейіннен теориялық пәндер бөлімнің меңгерушісі лауазымынан бастаған (1997-2004), 2004-2010 жылдар арасында құрманғазы ат. Қазақ ұлттық консерваториясы мен Т.Жүргенов ат. Қазақ ұлттық өнер академиясында оқытушы, кафедра меңгерушісі, декан орынбасары, декан қызметтерін атқарған. 2010-2015 жылдары П.Чайковский ат. Алматы музыкалық колледжінің директоры, 2015-2018 жылдары А.Селезнев ат. Алматы хореографиялық училищесінің директоры лауазымдарында болған. 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап Абай ат. Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас директоры лауазымына тағайындалды.

А. Қалиева 1999 жылдан бастап Қазақстан композиторлары одағының мүшесі болып табылады.

Симфония, балет, камералық музыка жанрындағы туындылардың авторы. Оның ішінде: симфониялық оркестрге арналып жазылған «Моя земля» поэмасы, 4 бөлімнен тұратын симфониялық сюита, «Сны» балет феериясы, ішекті квартеттер және т.б. бар.

Қалиева Ая Жакенқызы «Эстрада өнері» (бакалавр, магистратура, докторантура 2004-2010 жылдар), «Хор дирижері», «Ән айту» (ТжКБ) (2010-2014) мамандықтары бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының әзірлеуші-авторы. Ол орта және жоғарғы буындар үшін музыка-теориялық пәндерге арнап 40 үлгілік оқу бағдарламалар, 20 оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстар, 60-тан аса ғылыми мақалалар жазды.

2008 жылы «Педагогика ғылымдарының кандидаты» дәрежесіне диссертациясын қорғады.

2015 жылы Мемлекеттік және қоғамдық саясат мектебіне түсіп, Іскерлік әкімшілік магистрі (MBA) дәрежесін алды.

Еңбек жолында бірнеше рет құрмет грамоталарымен, атақтармен және мадақтамалармен марапатталды: Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері (2012 ж.), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2015 ж.). «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20-жыл» (2012 ж.), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015 ж.) мерейтойлық медалдарімен, Ресей Федерациясының қоғамдық марапаттар жөніндегі комитетінің ұсынымы бойынша «За заслуги в культуре и искусстве» медалімен марапатталды (2012 ж.), «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері (2017 ж.), сондай-ақ «Мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін» үкіметаралық сыйымен (2018 ж.) марапатталды.